Оның пікірінше, бұл шалғай ауылдардағы кадр тапшылығын шешеді
Парламент мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская елді мекендердегі кадр тапшылығын ушықтырмау үшін ұқсас пәндер бойынша қайта даярлау курсынан өткені туралы сертификаттарды жарамды деп тануды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, шалғай және шағын мектептерде мұғалімдер ұқсас пәндер бойынша қайта даярлау курстарынан өтіп, бірнеше жыл бойы сабақ берген. Себебі кадр тапшы. Алайда ревизиялық комиссияның тексерісінен кейін мұғалімдердің қайта даярлау курсынан өткені туралы сертификаттармен ұқсас пәндерден сабақ бергені заң бұзу ретінде танылған. Мектеп директорларына қатысты тиісті өндіріп алу шаралары қолданылған.
«Курстық даярлаудан өткен мұғалімдердің ұқсас пәндерден сабақ беруіне тыйым салу кадр тапшылығы проблемасын ушықтырады. Біріншіден, ауылда істейтін педагогтердің сағат жүктемесі азайып, тиісінше жалақысы қысқарады. Мұның соңы елді мекендерден кадрлардың кетуіне әкеп соғады. Екіншіден, мектептерде жекелеген пәндер бойынша педагогтердің жетіспеушілігі мәселесі одан әрі күшейте түседі»,- деді Кучинская премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.
Осы салаға жауапты ведомство депутаттың өтінішіне Педагог мәртебесі туралы заңнан үзінді алып, заңға тәуелді актілерден түсіндірме жіберген.
«Министрліктің жауабына қарасақ, кәсіби білімі бар адам алты ай ішінде қайта даярлаудан өтіп, мектепке жұмысқа тұра алады, ал кәсіби педагог алты ай ішінде қайта оқытудан өте алмайды екен. Ұқсас пәндерден сабақ беру үшін оған екінші жоғары мамандыққа түсу қажет. Бейінді министрліктің жауабынан түсінгеніміз, бұл мәселені Ғылым және жоғары білім министрлігімен талқылау қажет. Бірақ нәтиже әлі жоқ, ал оқу жылы басталып кетті», - дейді депутат.
Кучинская осы мәселені барлық мүдделі тараппен талқылап, мұғалімдердің ұқсас пәндер бойынша қайта даярлау курстарынан өту құқығын заңға тәуелді актілер деңгейінде бекітуді және жоғары оқу орындарының бір бөлігі педагогика мамандарын қайта даярлау курстарын өткізіп жүргенін ескеріп, берілген сертификаттарды жарамды деп тануды ұсынды.