Арал халқы су ресурстары министрлігінің 1,5 млн долларлық жобасына түбегейлі қарсы - депутат

Автор: Темірхан Айжан

Мархабат Жайымбетовтың сөзінше, аталған жоба халықтың талқысынан өтпей жатып, оған бөлінген қаражат игеріліп қойған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Мәжілістің жалпы отырысында экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегін ортаға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кеше ғана Мемлекет басшысы Жолдауда: Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі екенін атап өтті. Арал тағдыры – адам тағдыры! Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас халық Кіші Арал –жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді. «САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттегенайы, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды (42 м.НГ). Айта кететін жәйт, бар ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 м. биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына жобалаушылар құлақ аспаған.  Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд текше метр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай, Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе? Тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаны мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы. Халықпен кездесуге барғанда көзім жетті», - деді ол.

Депутаттың сөзінше, Арал халқы Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы.

«Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма деген сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Халық қырағы», - деді ол.

Осыған орай, депутат ел аманатын арқалаған AMANAT фракциясының атынан келесі мәселелерді шешуді қажет екенін жеткізді:  

  • Бірінші кезекте, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі «САТ» түбегейлі тоқтатылсын! Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамассыз етуді сұрап отыр.
  • Екінші, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету.
  • Үшінші, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ!
  • Төртінші, Ақлақ су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған Қарашалан, Баян, Сартерен, Домалақ және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның 2-ші кезеңі шеңберінде Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай және Қуандария көлдер жүйесі үшін осындай жұмысты жүргізу.