Балқашта колледж студенттері 4,7 млн теңге алды

Автор: Молдатай Сымбат

Көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге тиесілі өтемақы төленбеген

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Балқаш қаласының прокуратурасы 2 колледж көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге қажетті өтемақы бермегенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңға сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын көпбалалы отбасынан шыққан студенттер жан басына шаққандағы орташа табысы мемлекет белгілеген деңгейден аспаса, тегін ыстық тамақ алуға құқылы.

«Ыстық тамақ берілмеген жағдайда колледждер студенттерге Білім басқармасы белгілеген тамақ құны көлемінде өтемақы төлеуге міндетті. Қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге жалпы сомасы 4,7 млн теңге өтемақы аударылды. Мемлекеттік критерийлерге сәйкес келетін барлық студенттерге тиісті төлемақылар бұдан әрі тұрақты негізде аударылады», - деп хабарлады прокуратура.

Сонымен қатар, басқа жерлерде тұратын, алайда Балқаш қаласындағы колледждерде оқитын студенттердің қысқы және жазғы демалыс кезіндегі жол жүру ақылары өтелуі керек.

«Тексеру барысында колледждердің басқа жерлерде тұратын студенттерге қыста қажетті өтемақы төлемегені анықталды. Прокурорлық қадағалау нәтижелері бойынша 1 миллион теңгеден астам сома құрайтын төлемдер толығымен аударылды», - делінген хабарламада.