Павлодарда бапкер 10 жасар қызға азғындық әрекет жасаған: бала құқықтары жөніндегі уәкіл пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды

Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында 10 жасар қызға азғындық әрекет жасаған футбол бапкері ұсталды. Аталмыш жайтқа байланысты Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенева пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сәуле Шакенева қыз баланың анасымен байланысып, оларға нақты қандай көмек қажет екенін сұрағанын атап өтті.

«Ең алдымен, баланың физикалық және психо-эмоционалдық күйіне назар аудардым. Оларға қазір қандай көмек қажет екенін нақтылап сұрадым. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыру кезінде құқық қорғау органдарына қатысты сұрақтары бар-жоғын анықтадым», - деп жазды уәкіл.

Сонымен бірге, жергілікті бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызға сұраныс бойынша психологтың көмегі ұсынылатынына тоқталды.

«Қазіргі уақытта қыз үйінде, отбасының жанында, жақындары оны мүмкіндігінше сүйіспеншілікке бөлеп, қамқорлық танытуда. Психологтың жұмысы сұраныс бойынша жүзеге асырылады. Ал анасы полиция қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап отыр.  Мен 10 жасар қыздың ешнәрседен қорықпай, қысылмай ата-анасына бәрін жасырмай айтып бергеніне таңданыс білдірдім. Мұны қыздың анасына да жеткізіп, көпбалалы анаға баласына берген тәрбиесі үшін алғысымды айттым. Өйткені олар балаларының бойында өздеріне, ата-анасына деген сенім деңгейін қалыптастырған. Соның нәтижесінде бала өз отбасының қорған бола алатынын біліп, жағдады баяндаған. Дәл осы әрекеті арқылы тағы бірнеше бала мынадай сұмдық жағдайдан құтқарылған болуы мүмкін! Мен үшін бұл ерлік! Бұл, тіпті, әрбір ересек адамның қолынан келе бермейді», - деді Сәуле Шакенева.

Айта кетейік, қазіргі уақытта күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.