Оның пікірінше, мәселе ушығып кетсе, ұлтаралық қақтығыс та, әлеуметтік дағдарыс та болуы мүмкін
Парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарым президенттің жыл сайынғы Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сөзінде «қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс» деп қайталауы өте дұрыс деп санайды.
«Қоғамдық тыныштық, қоғамдық бірлік – үнемі жіті бақылауда тұруы керек мәселелер. Адам денсаулығы сияқты нәрсе ғой. Денсаулық бар кезде біз оны байқамаймыз, тыныштық бар кезде де біз оны байқамайтын сияқтымыз. Ал енді мәселе ушығып, шектен шығып кетсе, мемлекеттік органдар оған 364 күн қарап, 365-інші күні дұрыс назар аудармаса, ертең ұлтаралық қақтығыс та болуы мүмкін, әлеуметтік дағдарыс та болуы мүмкін. Сондықтан президенттің жыл сайын осыны қайталауы да, үнемі заң мен тәртіп деген әңгімені де қайталауы да тегін емес. Меніңше ол керек нәрсе», - дейді Сарым парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Айтуынша, бұл Қазақстанды бір ойындарға салғысы келіп жатқан топтардың әлеуеті күшейіп кетті деген сөз емес.
«Бірақ олардың тұрақты түрде белгілі бір қаражат салып, осыған жұмыс істеп жатқанын да интернеттен, барлық жерден өзіміз анық көріп отырмыз», - дейді мәжілісмен.
Бүгін мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында «ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін» топтар барын айтқан еді.