Моңғолиядан Шортанды ауданына көшіп келген қандастар неге квота ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Редакциямызға хабарласқан Нұрлан Шегірдің мәселесі бойынша құзырлы органдарға сұраухат жіберген едік

Фото: Нұрлан Шегірдің жеке мұрағатынан

Былтыр Монғолиядан Шортанды ауданы Бектау ауылына көшіп келген 5 қандас уәделі квоталарын ала алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тарихи отанына осыдан бір жыл бұрын көшіп келген Нұрлан Шегір есімді азаматтың айтуынша, Қазақстанның заңы бойынша елге келгендерге 4 млн теңге шамасында көмек берілуі керек еді. Бұл сома олар сатып алмақ болған үйдің жарты бағасы екен.

«Отбасының әрбір мүшесіне 251 мың теңге жолға жұмсайтын қаражат ретінде берілуі тиіс болатын. Квота ретінде берілетін қаражат біз үшін жақсы көмек болар еді. Былтыр келгенде Шортандыдағы бір үйдің иесінен «квотаның ақшасы түскенде үйіңді сатып аламыз, оған дейін паналай тұрайық» деп келіскен едік. Енді міне, 1 жыл жалдаған үйдің бағасы 1 млн теңге болды. Үйдің иесі болса, «осы жалдаған ақшамен қоса, әуел бастағы 4 млн теңгені төлеңдер» деп талап қойып отыр. Оны төлейтін қолымызда дайын тұрған ақша жоқ. Квотаға сеніп едік. Сөйтіп, елім-жерім деп келіп, аш-жалаңаш қалып отырмыз. Монғолияда тыныш өмір сүріп отырған елді шақырып алып, істеп отырғандары мынау болып тұр. Түсінгенім, ақшаны өздері қалтаға басып, бізді бала құсап алдап отыр. Біз кімге не айту керегін, не жолын білмейміз. Қол ұшын берейін деген ешкім жоқ. Мәселені шешу үшін сотқа барыңдар дейді. Ол үшін қорғаушы жалдау керек. Оған ақшамыз да жоқ. Балаға берілетін тиын-тебен ақшадан да айырылып отырмыз. Ақыр аяғы Монголияға жете алмай қалдық», - дейді Нұрлан Шегір.

Оның айтуынша, квотаның уақытын асырып отырған Көкшетау қаласының көші-қон басқармасы. Оларға бір жылға жуық уақыт квотаға берілетін ақшаның жоқ екені айтылған. Кейін бұл азаматтардың қандас куәлігінің уақыты өтіп кетеді. Ал квота тағайындалатын кезде Нұрлан Шегір сияқты қандас 5 отбасы куәліктің мерзімі өтіп кетуіне байланысты тізімге ілінбей қалып отыр.

«Егер бізге квота берілмейтін болса, үй алатын да ақшамыз жоқ. Үй жалдап отыратын шамамыз жоқ. Тапқанымыз шайлығымыздан аспайды. Менің балам-шағам бар. Жұбайыммен, әке-шешем, туысқанымызбен бір отбасында 10 кісі отырмыз. Басында квота келмеді дейді, кейін су тасқыны кезінде бар ақша сонда кетті деп айтты. Сонымен нақты есебін ашып ешкім түсіндірген жоқ. Әр жолы көші-қонға барғанда 10-14 күннен кейін беріледі деп созып келді. Аяғында осындай сылтау айтып отыр. Одан кейін бір кісі хабарласып: «қандас куәлігі уақытының өтуіне байланысты сіздерге квота берілмейтін болды» деді. Заң бойынша қандастарға бір жылда квота берілуі тиіс. Яғни, қандас куәлігі біткенге дейін. Енді алдағы 6 айға қандас куәлігін созып береміз, бірақ ешқандайда квота берілмейді. 6 айдың ішінде сіздерге Қазақстанның азаматтығы беріледі деп отыр. Егер біз Қазақстаннан ешқандай көмек көрмесек, азаматтықты не үшін аламыз?», - дейді Нұрлан Шегір.

Осы мәселеге қатысты Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Найкин Бейсембайдың пікірін білген едік.

«Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен біздің облысқа 285 адамға квота берілген болатын. Биылғы қаңтар айында тізімде бірінші өтініш бергендер мемлекеттен берілетін қаражатты алды. Бірақ тағы да 250 адамға квота керек екенін айтып министрлікке хат жолдадық. Осы 9 тамызда ғана бұйырық шығып, қалған адамдарға да квота берілетін болды. Бірақ Шортанды ауданы Бектау ауылына келген қандастар екі квтотаға да ілінбей отыр. Олар былтыр қандас мәртебесін алды. Ал квота алуға шілде айында өтініш берген еді. Бұл уақытта квота болған жоқ. Енді екінші рет берілетін тізімге енейін десе, қандас мәртебесінің уақыты өтіп кетіп отыр. Заң бойынша қандас мәртебесі өткен жағдайда квота берілмейді. Енді оларға жарты жылға қандас мәртебесі Қазақстан азаматы атануы үшін ұзартылады. Бірақ мемлекеттен қандастардың материалдық жағдайын шешуге берілетін материалдық көмек берілмейді», - деп түсіндірді Найкин Бейсембай.

Оның сөзінше, Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы су тасқынына байланысты қаражат жоқ деген пікір білдірмеген. Олар квотаны тағайындайтын да, беретін де Еңбек министрлігі екенін айтады.

«Егер квота берудің екінші тізіміне бұйрық мамыр айында шықса, Бектау ауылыныдағылар ілінетін еді. Бірақ іс жүзінде олай болған жоқ. Егер Монғолияға қайтадан қайтамыз десе, бұл өз еріктері. Қаламыз десе, тағы өздері шешеді. Бұл жердегі туындап отырған мәселе, квотаның барлығына бірдей жетпеуі болып отыр», - дейді бас маман.

Осы мәселеге қатысты  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне ресми сауалнама жолдаған едік.

«Нұрлан Шегір, Халел Тыныбек, Мұратхан Манарбекке квотаның берілмеуі су тасқынына байланысты емес. Нұрлан Шегір, Халел Тыныбек, Мұратхан Манарбектің қандас куәліктерінің мерзімі өткен. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес қандас куәлігінің мерзімі қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн немесе қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады», - делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар, редакцияға берген ресми жауапта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарды қабылдаудың 2025 жылғы өңірлік квотасын Ақмола облысына бөлген кезде, қандас мәртебесі бар адамдар құжаттарды өңірлік квотаға енгізуге жолдай алатыны айтылған. Яғни, келер жылы қайта өтініш бере алады. Бірақ бұл да Бектау ауылына келген азаматтарға нақты квота беріледі деген сөз емес.

Ауылдағы үйді жалға алып 1 млн теңгеге қарызға барып отырған Нұрлан Шегір, келесі жылға дейін далада қалғалы отыр. Монғолияда жай-күйі бар, 5 отбасы мемлекет баспана мәселесін шешіп бермесе, қайтадан көшетіндерін айтады.

Жанат Ерболған