Ауыл шаруашылығына бағытталған «Агробанк» құру идеясын өз басым қолдаймын – Жаңбыршин
Депутаттың айтуынша, субсидиялау тетігі кейде нәтиже бермей жатады
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин президенттің «агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу» бастамасын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент өз жолдауында субсидиядан гөрі жеңілдетілген несие беру тетігіне көшуіміз керек, бұл оларға қолдау болады деді. Мен өз басым мұны дұрыс деп есептеймін. Шынында біз кәсіпкерлерді субсидиялай бермеуіміз керек, өйткені бұл жерде жемқорлық тәуекелі бар, кейде ол өз нәтижесін бермей жатады. Сондықтан банктерге ауыл шаруашылығы бағытына қатысты жеңілдетілген несиелерді беру мәселесін қарастыру керек деп айтты. Бұл дұрыс», дейді Жаңбыршин парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Ол парламенттегі әріптестері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге несие беретін Агробанк құру мәселесін көптен бері көтеріп жүргенін еске салды.
«Мысалы арнайы ауыл шаруашылығына бағытталған банк болсын деп Агробанк құру керек деп айтып жүр. Мен осы идеяны қолдаймын және үкіметке жазылған хатқа қол қойғанмын. Сондықтан осындай тетіктерді пайдаланып, біртіндеп субсидияны азайтуымыз керек. Бірақ субсидия деген болуы керек. Бүкіл әлем ауыл шаруашылығын субсидиямен қаржыландырып отыр. Бірақ онда да біз мұны жіліктеп қарап, мысалы тауарды субсидиялау керек шығар, сол мәселені мамандармен зерттей отырып, дұрыс жүйе қалыптастыруымыз керек», - деп санайды мәжілісмен.