Қыздың анасына 25 844 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарылды
Павлодар облысында ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау міндеттерін орындамау дерегі бойынша іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. К. есімді азаматшаға қатысты іс бойынша ол кәмелетке толмаған қызының құқықтарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
2024 жылғы 27 шілдеде К. есімді азаматша кәмелетке толмаған қызының басынан ұрған. Оның жазбаша түсініктемелеріне сәйкес, жанжал барысында қызына ақшасының аз екенін және әжесімен дөрекі қарым-қатынаста болғанын айтып, теріс қылығы үшін басынан ұрған. К.-ның асырауында 2017 жылы туған кәмелетке толмаған қызы бар.
«Сот іс материалдарын зерттей келе, К.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 25 844 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарды. К. өзінің кінәсін толық мойындап, айыппұлды азайтуды сұрады», - делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.