Ол несие алғандарды санат-санатқа бөліп тастау керек дейді
Қаржы сарапшысы Әсел Ауылбекова «Дөп сөз» подкастында тұрғындардың несие алу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Несие мен бөліп төлеу ұғымын екі бөліп айту керек. Статистика кезінде ол екеуіне екі бөлек есеп жүргізу қажет деп ойлаймын. Себебі өзіне қажет дүниені ақшаң болса да, бөліп төлеуге рәсімдеу қаржылық сауаттылыққа жатады. Ал несиеге, яғни белгілі бір дүниені пайызға алатын адамдардың тізімі бөлек болу керек», - дейді Ауылбекова.
Сондықтан да сарапшы пайызға ақша алу мен бөліп төлеу тетігін пайдаланатындарды бір есепке қосуға болмайды дейді.
«Адамдар неге несие алады? Мен қарыз құрмауында отырған көп адамды білемін. Отбасы өмір сүру үшін, бір несиеден екіншісіне көшіп жүреді. Несиені жабу үшін несие алмасаң, сенің отбасың күн көре алмайтындай дәрежеде отырғандар бар. Бұл жерде адам кірісін арттыру үшін еңбек етуі керек. Ол бірден-бір шешім. Егер одан да жағдайы нашар болса, банкроттыққа беруі керек. Адамдар несиені неге алып жатқан себебін де көру керек. Ем алуға, білім алуға несие алса, түсінуге болады. Ал отбасымен той жасауға, біреуге сыйлық жасауға, демалысқа баруға несие алады. Және бизнес ашамын деп қомақты сомаға несие алып кететіндер де бар. Осы мақсаттар үшін несие алу - ақымақтық», - деді ол.
Сондай-ақ Ауылбекова қаржылық алаяқтарға алданып, ақшаңды көбейтіп береміз дегендерге несие алып беру де ақылға сыймайтын дүние дейді.
«Сондай-ақ үйді ипотекаға алу үшін несие алғандарды түсінуге болады. Халықтың бәрі несиеге батты деп те айта алмаймын. Оларды санаттарға бөліп қарау керек», - дейді сарапшы.