Есірткі қылмыскерлері байланыссыз есеп айырысу тәсілдерін жиі қолдануға көшкен
Қаржылық мониторинг агенттігі есірткі саудасына қатысты 60 материалды анықтап, құқық қорғау органдарына жолдады. Нәтижесінде жыл басынан бері 70 қатысушы ұсталып, 25 адам сотталып, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Есірткі қылмыскерлері сауда әдістерін үнемі жетілдіріп, байланыссыз есеп айырысу тәсілдерін жиі қолдануда. Миллиардтаған қаражат заңсыз әрекеттің белгілерімен қаржы мекемелері арқылы өтіп жатыр», - деді ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов
Айта кетерлігі, биыл есірткі саудасынан 22 млрд теңге аударылған банктер мен төлем жүйелері тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп.
«Егер заңсыздық расталса, олар сенімсіз клиенттермен қатынасты тоқтатып, қылмыскерлердің барлық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізуін бұғаттайды», - деді төраға.
Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес шараларын жетілдіру және қылмыскерлердің жаңа әдістері мен схемаларын зерттеуге барынша қолдау көрсету бойынша бірқатар ұсыныстар талқыланды.
Еске салайық, Қостанай облысында Полиция капитаны есірткі таратқаны үшін 15 жылға сотталды.