Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің үстінен кері арыз түсірді

Azattyq Rýhy

Бұл туралы оның адвокаты Самат Мамутов мәлім етті

Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің үстінен кері арыз түсірді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Жанқош Тұраров оған қатысты зорлық-зомбылық жасады деп арыз түсірген Әнару Құрманәлінің үстінен арыз түсірген. Бұл туралы бүгін Алматыдағы баспасөз мәслихатында оның адвокаты Самат Мамутов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осы күнге дейін Жанқош Тұраров зорлық жасады деген ақпаратқа пікір айтпаған себебіміз -  сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі жасамайық деген шешім болған. Бірақ, арызданушы Әнару Құрманәлінің ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Жанқош Тұраровтың ар-намысына нұсқан келтіріп, абыройын түсіруге бағытталған әрекеттерден кейін қысқаша сұхбат берейік деген шешім қабылдадық. Арызданушы Әнару Құрманәлінің Жанқош Тұраровқа қатысты арызы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалғаны баршаңызға белгілі. Жанқош Тұраров арызданушы Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген және БАҚ сұхбаттарында айтылғандай зорлық болғанын растамайды. Бәрі жалған. Ойдан шығарылған деп есептейді. Ақиқат орын алатына сенеді», - дейді оның адвокаты.

Самат Мамутов егер Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген жайттар дәлелденбесе, онда ол көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 8 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін ескертті. Әнаруды ғана емес, оның сұхбатын жазған бұқаралық ақпарат құралдарына да «жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз» деп ескерту жасады. Бірақ, журналистердің әртүрлі сұрақтарына жауап бермей, Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201 бабына сай, тергеу жүріп жатқанда ақпаратты жария етпейміз деді. Дәл осы бапты бұзды деп санағаны үшін Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің үстінен арыз түсірген.

«Бұдан басқа, арызданушы Әнару Құрманәлі ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабы бойынша «сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеймін» деп 2024 жылдың 20-тамызы күні қолхат берген болатын. Бірақ осы күнге дейін өзінің уәждерін бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат ретінде беріп, халыққа жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікірді өз пайдасына бұру мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қысым көрсететін әрекеттер жасап жүр. Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына арызданушы Құрманәліге үстінен Қылмыстық  423 бабы бойынша қылмыстық іс тіркеп, жаупақа тарту бойынша өтініш берілді. Яғни, сотқа дейінгі іс жүргізудің деректерін жария еткені үшін», - деді Мамутов. 

Айта кетейік, бүгінгі пресс-конференцияға Тұраровтың өзі келген жоқ, шараға оның адвокаты қатысты.

Естеріңізге салайық, танымал боксшы Жанқош Тұраров мені зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлиева Azattyq Rýhy редакциясын сұхбатқа шақырып, боксшыны неше жылдан бері білетінін, онымен алғаш рет қалай танысқанын және Жанқош Тұраров 6 жылдан бері не деп алдап келе жатқанын айтып берген еді.

21 тамызда әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров Әнару Қалдыбекті зорлады деген ақпарат тарады. Алматы қаласының полициясы мұны растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Осыдан кейін Әнаруды бір ай бұрын белгісіз біреулер Қонаев қаласында зорлағаны туралы қауесет тарады. Оқиға төртінші шілде күні болған. Қыз полицияға өзі арызданған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.