Қосшыдағы дағдарыс орталығы зорлық көрген әйелдерге көмектеседі
Дағдарыс орталығын өз қаражатына ашқан әйел бізге ұйымның мақсаты туралы айтып берді
Мемлекеттің дамуында отбасы құндылығы әрқашан бірінші орында. Себебі елдің іргетасы сол кішкентай отбасыдан қаланады. Өкінішке қарай, тұрмыстағы зорлық-зомбылық қазіргі қоғамның дертіне айналып үлгерген соң бұл бағытта қолданыстағы заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, зәбір көретіндердің құқықтары тиісті деңгейде қорғалатындай жағдай жасалды. Оның үстіне қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетумен айналысатын мемлекеттік және коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар бар. Мысалы, дағдарыс орталықтары осының бір дәлелі. Соңғы статистикалық мәліметтерге қарағанда еліміздің дағдарыс орталықтарының саны шамамен 50-60-қа жетеді. Сондай орталықтың бірі Қосшы қаласында да бар. Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ ниет -Қосшы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған Дағдарыс орталығының директоры Шолпан Нұрғалиевамен кездесіп, орталықтың тыныс-тіршілігі мен негізгі жұмыстары туралы сұрап білді.
-Қосшы қаласында алғаш ашылып отырған дағдарыс орталығы туралы толық айтып берсеңіз?
-«Ақ ниет Қосшы» қоғамдық бірлестігі жағынан құрылған Дағдарыс орталығы еліміздегі өзге де орталықтардың талаптары бойынша жұмыс істейді. Ашылғанымызға көп болған жоқ, нақтырақ айтсам бір айдан сәл ғана уақыт асты. Орталықтың мақсаты отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға қамқор болу, оларға уақытша баспана ұсына отырып, жаңа өмірге бейімделуіне көмек қолын созу. Орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез-келген әйел адам балаларымен бірге келіп орналаса алады. Дағдарыс орталығының ең бірінші міндеті - тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар, орталық тұрғындарына тұрмыстық заттар мен күніне 3 рет рет тегін тамақ ұсынамыз. Дағдарыс орталығында психолог пен заңгердің көмегі де қарастырылған. Әлеуметтік қызметкелердің қолдауымен балалардың дамуы мен білім алуына мүмкіндік береміз. Кез-келген бағытта толығымен тегін көмек көрсете аламыз. Осы жерде айта кетейін, Дағдарыс орталығына адамдарды қабылданбас бұрын жергілікті полиция ол адамның сол топқа жататынын растайды. Сосын ол топқа жатқан әйелдер біздің орталықта 6 ай бойы паналай алады. Осы аралықта олар тектен-текке жатпайды. Біз осы 6 айдың ішінде тұрмыста зәбір көріп, барар жері, басар тауы жоқ жанды уақытша баспанамен, тамақпен қамтамасыз ете отырып, оның жаңаша әлеуметтенуіне өз үлесімізді қосамыз. Біздің мамандар зәбір көрген әйелмен немесе балалармен тиісті жұмыс жүргізеді. Олардың проблемаларының түп-тамырына үңіле отырып, жағдайды реттеуге көмек қолын созады. Оның жұмыс тауып, қоғамға қайта әлеуметтенуіне және балалары болса, оларды балабақшаға орналастыруға немесе қосымша білім алып, жаңа бір мамандық иесі болып, өзіне нәпаға табуына да септігіміз тиеді. Жалпы бір сөзбен айтқанда қоғамнан, отбасынан өз орнын таба алмай жүрген, қиын жағдайда шаршап жүрген әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашамыз.
-Өзіміз білетіндей, Қосшы қаласында Отбасын қолдау орталығы бар. Отбасын қолдау орталығы мен Дағдарыс орталығының арасындағы айырмашылықты айтып берсеңіз?
-Жалпы алғанда екі орталық бір-бірін толықтырады. Екеуі де жұптар ажырамаса екен деген, отбасы құндылығын нығайту бағыттарында жұмыс істейді. Отбасын қолдау орталығы жалпы және ауқымды қолдау шараларын жүргізсе, ал Дағдарыс орталығы қиын жағдайға тап болған, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға уақытша баспана ұсына отырып, көмек қолын созады. Дағдарыс орталығының өзінің миссиясы бар. Отбасы қолдау орталығы мемлекеттік мекеме, ал Дағдарыс орталығы жеке адамның бастамасымен ашылады. Мемлекеттік емес қоғамдық ұйым немесе мен сияқты белсенді адамдар осындай орталық құру арқылы қоғамдағы келеңсіз жағдайлармен күрес жүргізеді.
-Сіз осы орталықты жеке өз қаражатыңызға ашып отырсыз ба? Жалпы осындай орталық ашуға не түрткі болды?
-Мен бұрынғы мемлекеттік қызметкермін. Сосын көптеген отбасындағы кикілжің, зорлық-зомбылықтар туралы жиі естимін. Шынын айты керек, мұндай оқиғалар өте көп болып кетті... Осындайды естіген және білген сайын маған қиын. Мен көпбалалы анамын, екі қызым тұрмыста. Мен ана, әйел ретінде осындай оқиғаларға жүрегім ауырады. Сосын мемлекеттік қызметтен кетіп, осындай қоғамдық жұмыспен айналыссам деген көптен бері ойлаған ісімді жүзеге асыруға кірістім. Жалпы бұл идея баяғы Кеңес дәуірі кезінде туған (күлді – авт.). Менің марқұм жолдасым бұрын әскери салада жұмыс істеген. Сол кезде әскери адамдардың әйелдері жиналып, кеңес құратын аналар ұйымы болатын. Сол ұйымға мен мүше болдым. Ол ұйым әскери қызметкерлердің әйелі қалай болуы керек, отбасында қандай жағдай жасау керек деген сынды көптеген мәселелерді қамтитын. Мүмкін осы оқиға да бүгінде осындай орталық ашуыма себебін тигізген шығар...Орталықты жеке өз қаражатыма аштым. Құдайға шүкір, бәрі жақсы басталып жатыр. Мақсаттарымыз айқын, балаларым да, достарым да осы істі бастауыма қолдау көрсетіп, «сіздің қолыңыздан» келеді деп қанаттандырып қояды. Осылай қолдау білдіргенге алғыс айтам. Бастысы мен қайырымды әрі жақсы іс жасап жүрмін деп білем. Өмірдің жолынан шығып, сәл адасып қалған адамдарға көмек қолын созып, жаңа жол табуына өзімнің үлесімді қоса аламын деп түсінем. Сосын болашақта орталықтың ары қарай жақсы жұмыс істеуіне қаржылай көмек қолын созсам деген іскер адамдардың көмегін де қабылдаймыз.
-Сіздер шамамен бір ай бұрын ғана ашылдыңыздар. Бұл әрине аз ғана уақыт екенінін білемін. Бірақ осы қысқа уақыттың ішінде сіздердің көмектеріңізге жүгінген адамдар болды ма?
-Иә, ашылғанымызға бір айдан енді ғана асты. Бізді көпшілігі аса білмей де жатқан шығар. Әрине бізге қиын жағдайда қалып қойған адамдардың аз болғаны жақсы, себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын әйел мен күйеу ғана тартпайды, ең бірінші оның балаларына қиын болады... Бізде жақында бір әйел кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласымен жатты. Ол күйеуімен азаматтық некеде тұрған. Әйелінің сөзіне қарағанда жолдасы ақша аз табады, арасында құмар ойындар ойнап қояды. Сосын кезекті жанжал кезінде ол әйеліне қол көтерген. Сосын әйел балаларын алып кетіп, біздің орталықта аз күн паналады. Біз ол әйелмен де оның азаматтық некедегі күйеуімен де профилактикалық әңгімелесулер жүргіздік. Нәтижесінде екеуі де ажырасқысы келмейтіндіктерін, балаларын қимайтындықтарын айтып, бірлесіп өмір сүреміз деп шешті. Бұған біз қуандық... Жалпы осы ретте айта кетейін, қиын жағдайға тап болған кез келген әйел тәулік бойы жұмыс жасайтын біздің 87053237978, 87013135361 телефон нөмерлерімізге хабарласып, өзіне қажетті көмектерді ала алады.
-Қазір өзіңіз айтқандай, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте көп. Бұрын қандай едік, қазір қандаймыз? Адам да, қоғам да, санамыз да өзгеріп, отбасы құндылықтары нашарлап кетті ме деген сұрақ туындайды. Әрине, бұл менің пікірім. Бұл туралы не айтар едіңіз?
-«Заман өзгерді», «адамдар өзгерді» деген пікірге менің үнемі айтатын «Қиын уақыт мықты адамдарды әкеледі, Мықты адамдар жақсы уақыт әкеледі, Жақсы уақыт әлсіз адамдарды әкеледі, Әлсіз адамдар қиын уақыт әкеледі!» деген жапондық тәмсілім бар. Бұрынғы аналарымыз, әжелеріміз, әкелеріміз қандай еді? Әкеміз тек қабағымен ғана бәрін реттеп отыратын. Ал аналарымыз ше? Соғыстан кейінгі жоқшылықты көп көргеннен кейін бе аналарымыз тәубешіл, мықты болды. Өз қиын тұрмыста болса да, отбасы құндылығын, ер адамның мәртебесін үнемі жоғары көтеріп, бәрін татулықта, бірлікте ұстап отырды. Бізді баршылықта өсіруге тынысты. Ал қазір ше? Біз біздің көрген қиыншылығымызды балаларымыз көрмесін деп, жылы-жұмсақтың бәрін солардың ауызына төсеп келеміз. Нәтижесінде обал мен сауапты, бар мен жоқтың қадірін білмейтін, өзгенің еңбегін бағаламайтын қайырымсыз, тас жүректеу ұрпақтың көбеюіне жол ашқан сияқтымыз. Қазіргі «алтын балалар» ештеменің қадірі мен қасиетіне жетіп жатқан жоқ. Олар үшін отбасы құндылығы, ұрпақ сабақтастығы көк тиын іспетті.
-«Алтын балалар» деп Қуандық Бишімбаев мысалында айтып тұрсыз ба?
Иә, солай десеңізде болады. Әрине ешбір адам, ана мұндайды өзгеге тілемейді. Менің балаларым бар, екі қызым тұрмыста, ұлым үйленген. Мен ана ретінде мұндай жағдайға қатты жүрегім ауырады. Қыздарыма жолдастарыңды сыйлаңдар, шыдамды болыңдар, ер адам әйел адамнан сәл болсын бір сатыға жоғары тұру керек деп үйретемін. Сосын жаңа отау құрған жастарда жауапкершілік аз, өте шымамсыз. Бәрі бірден бай болғысы келеді, тұрмыстық сәл қиыншылықтарға шыдамайды. Әрине олар келіспесе екі жаққа кете қояды, олардың ортасындағы бала ең қиын жағдайға түседі. Ажырасатын ата-ана ең бірінші балаларының болашағын ойлауы тиіс. Алайда бұл әйелдің баласын ғана ойлап, күйеуінен таяқ жеп, басылып отыра беру керек деген сөзім емес. Барлық жағдайда әйел ақылды болуы абзал. Егер әйел ақылды, дана болса ол ешқашанда күйеуінен таяқ жемейді.
Осы жылы көктемде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамаға түрлі өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін деген бап әкімшілік құқық бұзушылықтан, қылмыстыққа ауыстырылды. Ақмола облысы полициясының айдсоңғы мәліметінше, 7 айда облыс аумағында отбасылық-тұрмыстыық қарым-қатынастар саласында 54 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 28-і тұрмыста ұрып- соққаны үшін. Мұндағы айтайын дегенім біз әйелін ұрып-соққаны үшін жазаны қатаңдаттық. Алайда қоғам дерті одан азайып жатпаған сияқты. Бұған не айтар едіңіз?
Иә, біз заңды қатайттық, ана мен бала мемлекет қорғауында. Мемлекет әйел мен баланың құқығын қорғауға аса маңыз беріп, соған акцент түсіріп жатыр. Өте дұрыс шешім, қолдаймын. Алайда отбасында зәбір көретін ер азаматтарымыз да кездеседі, оны да жасырмауымыз тиіс. Сосын әйелін ұрғаны үшін күйеуі жазаланады. Бірақ заң сол оқиғаға дейінгі жағдайды қарастырмайды. Неге күйеуі әйелін ұрды? Әйел көп жағдайда тілінен табады. Сөзге шыдамаған еркек әйеліне қол көтереді. Әрине, бір мысалмен бәріне баға берген дұрыс емес шығар. Мен жалпы айтып отырмын... Бұл жерде менің айтпағым, егер біз отбасын сақтау, әйел мен күйеу арасындағы сыйластық, өзара түсінушілік құндылықтарын насихаттайтын болсақ онда ер адамның да құқығын заңмен қорғауымыз керек. Отбасында әйел әйел, еркек еркек болған кезде баланс болады. Сосын отбасы құндылықтары туралы балаларға мектеп жасынан бастап оқытып, үйретуіміз керек. Біздің ұйым осы бағытта Аналар кеңесі мен және басқа да тиісті қоғамдық мекемелермен бірге мектептерде, білім беру орындарында тәрбие сағаттарын өткізбек. Бұл біздің болашақтағы іс-жоспарларымызға енгізіледі.
-Қазіргі қазақ әйелі мен бұрынғы әйелдердің айырмашылығы қандай?
Негізі өте ауқымды сұрақ деп түсінем. Мен қазіргі әйелдерді анамның бұрынғы өмірімен салыстырып қараймын. Мен анам да жұмыс істеді. Бірақ үйдің барлық шаруасын өзі атқарды. Ал әкеміз отбасын асырушы. Әкеміз жұмыстан келгенше бізді тамақтандырып, жағдайымызды жасап, сосын әкемізге көңіл бөлетін. Жұмысы ауыр болса да бәріне көңіл бөліп, уақыт табады. Ал қазіргі әйелдер ше? Қазір уақыт қысқарды? Аналардың баласына, отбасына қарайтын уақыты аз. Нәтижесінде отбасы құндылығы ақсап, қараусыз бала өсіп келе жатыр. Оның үстіне көп уақытымызды түрлі әлеуметтік желі, ғаламтор да ұрлап жатыр. Сондықтан қазақ әйелінің бүгінгі қоғамдағы орны мен көтерер жүгі зор. Себебі ол отбасын ұйыстырушы, берекесін келтіруші. Одан бөлек ол өзін-өзі дамытуға, өзіне күтім жасауы тағы бар. Осындай үлкен жұмыстарды алып жүрген қазақ әйелдері ер азаматы тарапынан қандай да болсын мақтауға, құрметке, сыйлыққа лайықты.
-Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рахмет!