Облыстағы 3 білім ордасы жабылды
Қарағанды облысында білім беру ұйымдарының мемлекеттік лицензияларының қолданысы тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура органдары орта арнаулы білім беру ұйымдарында тексеру жүргізуде.
«Теміртау қаласындағы білім беру ұйымдарын тексеру барысында оларда білім беру және медицина саласындағы міндетті стандарттардың бұзылатыны анықталды. Атап айтқанда, педагогикалық жұмыспен біліктілік санаттары жоқ және біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген оқытушылар айналысқан. Сондай-ақ оқытушылардан соттылығы, медициналық қарсы көрсетілімдері, психиатриялық және наркологиялық есепте болу жағдайларына қатысты міндетті тексерулерден өтулері туралы анықтамалар талап етілмеген. Білім беру ұйымдарының Жарғылық құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келмейді, студенттерді оқуға қабылдау тәртібі бұзылған, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік және медициналық бұйымдар сақталған», - деп хабарлады прокуратура.
Мысалы, Техникалық-экономикалық колледжде 12 оқытушы біліктілігін арттырмай сабақ берген болса, Жоғары политехникалық колледжде 5 мұғалімнің біліктілік санаты мүлдем жоқ.
Прокуратураның қадағалау актілері бойынша үш білім беру ұйымының білім беру қызметіне мемлекеттік лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Кінәлілер жауапқа тартылып, 4 мыңнан астам студенттің құқығы қорғалды.