$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.08.2024, 10:30
Қоғам

Қазақстанда жылына 4 мыңға жуық тұрғын өзіне қол салады

Яғни, күніне 9-10 адам өмірімен қош айтысады

Қазақстанда жылына 4 мыңға жуық тұрғын өзіне қол салады
Фото: istockphoto.com

Елімізде жылына 4 мыңға жуық тұрғын өзіне қол салады. Қайғылы статистиканы Ranking порталының сарапшылары жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, 2024 жылдың басынан бері елде 2,1 мыңға жуық суицид тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға аз.

Оның ішінде жыл басынан бері 112 балалар суициді тіркелді.

«Соңғы бірнеше жылда ҚР-да суицид жалпы жоғары деңгейде қалып отыр. Жыл сайын елімізде 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін тұрғын өз өмірімен қош айтысады. Бұл іс жүзінде күніне 9-10 адам өлімі», - делінген хабарламада.

2019 жылы Қазақстанда суицидтен болған өлім-жітім деңгейі 100 мың адамға шаққанда 18,1 құраған. Сол уақыттан бері жағдай еш өзгерген жоқ. Дәл сол 2019 жылы экономикасы дамыған елдердің көбінде суицидтен болатын өлім көрсеткіші әжептәуір төмен еді. Мысалы, Германияда — 8,3, Францияда— 9,7, Ұлыбританияда — 6,9.

БАҚ бетінде жарық көрген материалдарға талдау жүргізсек, біздің қоғамда жасөспірімдер суициді мен әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы жиі көтеріледі. Осы екі санатты, яғни әйелдер мен балаларды «бәрінен аз қорғалған» деп жеке топтарға бөледі. Алайда Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті Қазақстандағы суицид көбіне ересек ер адамдардың проблемасы екенін көрсетті. Мәселен, осы жылдың қаңтар-шілдесінде тіркелген суицидтің 74,9%-ын кәмелетке толған ерлер жасаған.

Комитеттің есебінде өзіне қол жұмсауға итермелейтін себептердің көш басында қиын материалдық жағдай, тұрмыстың нашар болуы көрсетілген. Екінші орында жалғыздық тұр. Ал психологтардың айтуынша, Қазақстандағы суицидтердің негізгі себептері – депрессия мен менталды денсаулық проблемалары.

Дамыған елдер суицидті болдырмау үшін психоәлеуметтік тергеу әдістерін бұрыннан қолданады. Мысалы, Швецияда әр суицидтен кейін осы оқиғаның себептеріне талдау жасайтын арнайы комиссия құрылады. Оның қорытындысы әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында пайдаланылады.

Серіктес жаңалықтары