Ол тұрғындарға 223 млн теңге қарыз
Тағы бір күдікті аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті Павлодарда 2019-2023 жылдар аралығында таныстарынан бизнесті дамыту үшін ақша алып, кепілдік ретінде өзіне тиесілі емес пәтерді ұсынған. Оның қылмыстық әрекеттері салдарынан Павлодар қаласының 66 тұрғынына жалпы сомасы 223 млн теңгеден аса шығын келтірілді.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Өткен жылдың желтоқсан айында ол Ресей Федерациясы Адыгея Республикасының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Бас прокуратура.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.