«Маңдайы көгеріп, аузы ісіп кеткен»: Атырауда балабақша күтушісі кішкентай қызға қол көтерген (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Баланың ата-анасы жауапсыз мекемелерге қатаң тексеріс жүргізу керек деп отыр

Фото: instagram.com/atyrauoil.official

Атыраулық ата-ана балабақша күтушісі қызыма қол көтерді деп шағымданды. Ол балабақшаға барғанына үш күн ғана болған қызының маңдайы көгеріп, ауызы іскенін байқайды. Ал бала күтуші бүлдіршіннің жүгіріп ойнап жүріп құлап қалғанын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде балабақша камераларынан алынған бейнежазба пайда болды. Сондай-ақ, видеоның астында жәбірленуші балақайдың ата-анасының хабарламасы жарияланды.

Анасының айтуынша, осы жайттан кейін қызы күні-түні жылай бастаған. Сол күні түнде құсқан. Бірақ анасы баланың бейімделу кезеңі деген оймен бұл жағдайға мән бермеген. Кейін маңдайы қатты көгеріп, рентген түсіріп, травмпунктке барған.

«Күтуші маған қызымның ойнап жүріп құлап қалғанын айтқан. Алайда мен камерадан баламды күтушінің ұрғанын көрдім. Бірақ басшылық бұл фактіні мойындамай отыр. Онымен қоймай,қызметкердің байланыс деректерін беруден бас тартты. Тәрбиешісі WhatsApp хабарламаларын оқиды, бірақ жауап бермейді. Осындай жауапсыз мекемелерге, олардың тәрбиешілері мен күтушілеріне қатаң тексеріс жүргізілуі қажет», - дейді ашынған ана.

Облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.