Астананың сол жағалауындағы «Думан» қонақ үйі аукцион арқылы сатылғалы жатыр
Ашық дереккөздерге сүйенсек, қонақ үйдің бұрынғы иелерінің Дариға Назарбаевмен байланысы болған

Мемлекетке қайтарылып жатқан заңсыз активтерді басқаратын үкіметтік компания Астананың сол жағалауында орналасқан үш жұлдызды «Думан» қонақ үйін сатуға шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Электронды сауда алаңы сайтында боулинг-клубы бар үш жұлдызды «Думан» қонақ үйі аукционға шығарылған. Сатушы – «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» ЖШС. Бұл компания былтыр күзде үкімет қаулысымен құрылған болатын. Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерді басқару, сақтау және сатумен айналысады.
«Думан» қонақ үйінің саудасы 21 тамызда басталады. Ұсынылып отырған бастапқы баға – 41 935 661 631 теңге. Ал ең төменгі баға – 11 182 843 101,60 теңге. Аукцион бастапқы бағаны төмендету әдісімен өтеді.
Қонақ үйдің жалпы аумағы – 44206,5 шаршы метр, он сегіз қабаттан тұрады. Қонақ үйде 211 бөлме, алты бизнес конференция залы, мейрамханалар, бассейн бар. Сондай-ақ қонақ үйдің аумағында фитнес клуб, теннис орталығы, батут паркі, боулинг, түрлі іс-шараларға арналған залдар, түнгі клубтар, барлар орналасқан.
Биыл маусым айында жүргізілген бағалау нәтижесі бойынша қонақ үй 13 978 553 877 теңгеге бағаланған.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Думан» қонақ үйінің бұрынғы қожайындары Дариға Назарбаевамен байланысты болуы мүмкін.