Жүзден астам журналисті өлтірді - әйгілі музыкант соғыс туралы сөзі үшін концерттен шеттетілді

Автор: Темірхан Айжан

Ол қалың көпшілікке журналистерді өлтіру - әскери қылмыс екенін айтқан 

Фото: BBC

Австралия атақты пианистің Газадағы соғыс туралы сөзінен кейін концерті өтпей қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

BBC-дің жазуынша, Ұлыбританиялық әйгілі музыкант Джейсон Гилхэм Мельбурн симфониялық оркестрінде (MSO) соғыста қаза тапқан палестиналық журналистердің құрметіна арналған «Witness» атты туындыны ойнаған. Гилхэм шығарманы орындамас бұрын «Израиль жүзден астам журналисті өлтірді» дейді. Сонымен бірге ол журналистерді өлтіру – халықаралық заң бойынша әскери қылмыс болып саналатынын айтқан.

«Бұл әскери қылмысты құжаттауға мен көрсетуге кедергі келтіру үшін жасалады», - деді музыкант.

Осы сөзінен кейін концерттік бағдарламадан шеттетілді. MSO пианисттің алдағы бейсенбі күні болуы тиіс концерттік бағдарламасын қайта қарап жатқанын жеткізді және көрермендерге жіберген электронды хаттарға Джейсон Гилхэмнің «ыңғайсыз жағдайға» қалдырғанын жазған.

«MSO өз сахнасын адамдардың жеке пікірін білдіретін алаңыңа айналдыруға жол бермейді», - делінген хатта.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Атақты адвокат Грег Барнс әртістің концертін болғызбауды «масқара жағдай» деп бағалады, ал өнер сыншылары мен Сидней симфониялық оркестрінің бұрынғы төрағасы Лео Скофилд «MSO басшылығы ұяттан өртеніп, басын көтере алмай тұруы керек» деген.

Израиль мен Газа секторындағы соғыс өртіне байланысты Австралия барынша бейтарап көзқарасты ұстануға тырысады. Себебі бұл жақта да еврей мен мұсылман қауымдастықтарының наразылықтары болған, сондай-ақ исламофобия мен антисемитизмнің көріністері көрініп қалып жатыр.

Айта кетсек, ХАМАС – тың бақылауындағы Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соғыс басталғалы 39 790-нан астам палестиналық қаза тапты.