$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.05.2020, 09:59
Қоғам

Мақтааралдың 7 ауылында әлі су басу қаупі жоғары – Шөкеев

Өзбекстан билігі қазақ ауылдарын судан тазартуға көмектеседі

Мақтааралдың 7 ауылында әлі су басу қаупі жоғары – Шөкеев
Zakon.kz

Бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев су басқан Мақтарал ауданындағы жағдайды баяндады. Оның сөзінше, 7 ауылды су басу қаупі әлі де жоғары.

«31 606 тұрғын 14 елдімекеннен эвакуацияланды. Оның ішінде 6127 тұрғыны бар 5 елдімекенді су толығымен басты. Олар – Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас және Достық елдімекендері. 7 елдімекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал, Мырзакент және Ақжол елдімекендерінің тұрғындары үйіне қайтты», - деді Ө.Шөкеев.

Жалпы, 845 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық нысан, 1 мәдениет үйі және 10 дүкенді су басқан. Жеңіс ауылындағы көпірді, республикалық, облыстық маңызы бар 54,7 км автожолды су шайған. Көлемі 7600 гектар егістік алқапқа зиян келді.

«Құтқаруға 986 адам, 190 техника жұмылдырылды. Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Шымкент қаласынан су жинағыш 30 техника әкелінді. Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінен 413 әскери қызметкер мен 37 техника тартылды. Алматы қаласы Ұлттық ұлан құтқару батальонынан қосымша 320 әскери қызметкер мен 26 техника келе жатыр», - деді өңір басшысы.

Премьер-министр Асқар Мамин болса зардап шеккен барлық тұрғынға Үкімет қажетті көмек көрсететінін жеткізді. Ал, келтірілген шығынды өтеу үшін әкімдік әр үйді жеке-жеке араламақ.

«Былтырғы Арыстағы секілді әр үйге кіріп, шығынды есептеуіміз керек. Содан кейін комиссиямен отырып, ол үйлерді қалпына келтіру жұмысын ұйымдастырамыз. Мүлікке қандай зардап келгенін де есептеу қиын. Оны да Арыстағы тәжірибеге сүйеніп, өтеп беру керек. Егістік алқаптары да бар. Мал шығыны нақтыланды», - деді бұған қатысты Ө. Шөкеев.

Апаттың зардабын жоюға Өзбекстан тарапы да көмектесуге келіскен.

«Өзбекстан тарапынан мамандармен тығыз байланыстамыз. Жағдай тұрақталған соң олар өз техникасымен кіріп, біздің коллекторларды тазалап береді, келісімін алып келдік. Біз тек шекарадан оларға жол ашуымыз керек. Елдімекендегі су жердің релефіне байланысты ұзақ уақыт жатуы мүмкін. Сондықтан ауылдардың айналасынан үлкен арықтар қазып, суды сол жаққа жеткізетін техника керек», - деп түсіндірді әкім.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары