Атырауда құрылыс компаниясы 220 үлескердің ақшасын жымқырған

Автор: Молдатай Сымбат

Олар бір пәтерді әр түрлі адамға бірнеше рет сатқан

Фото: istockphoto.com

Атырауда 220 үлескерден 2 млрд теңге қаражат алып, шарт жасасып, ғайып болған 2 тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2020 жылы екі азамат «Жібек Жолы Атырау» және «Ақмаржан-Атырау» екі тұрғын үй-құрылыс кооперативін (ТҚК) құрған. Қалад «Ақмаржан» және «Жібек Жолы» тұрғын үй кешендерін салу үшін олар 220 азаматтан 2 млрд теңге қаражатын алған.

Шарт бойынша тұрғын үй кешендерін 2021 жылдың қазан және желтоқсан айларында пайдалануға беруі тиіс еді. Қозғалған қылмыстық іс аясында сол пәтерлер әр түрлі адамдарға бірнеше рет сатылғаны белгілі болған.

«2023 жылы ТҚК құрылтайшылары алаяқтық әрекеттері және алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіргені үшін (ҚК-тің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) 6 жылға бас бостандықтарынан айырылды. 220 үлескер Атырау қалалық сотына екі ТҚК-ға және олардың құрылтайшыларына жасалған шарттарды бұзу және аяқталмаған құрылыс объектілерінен өндіріп алынған ақшалай қаражатты өздері құрған ТҚК-3-ке беру туралы талап қою жолдаған.

Олар талап қоюда жауапкерлер шарттардың талаптарын айтарлықтай бұзғанын, өйткені төлемді алғаннан кейін үйлердің құрылысын аяқтамағанын және талап қоюшыларға пәтерлерді бермегенін атап көрсеткен.Қалалық сот 220 талап қоюшының талаптарын негізді деп есептеп, оларды толық көлемде қанағаттандырды», - делінген сот үкімінде.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.