Енді inDrive таксистері шетелдік көлікпен жүре алмайды, әр сапар сайын дәрігерден тексеріледі

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін көлік министрі компанияның басшысымен кездесті

Фото: көлік министрлігі

Көлік министрі Марат Қарабаев inDrive сервисінің негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Дереккөзге сүйенсек, маусым айының басында inDrive, көлік министрлігі және ішкі істер министрлігі арасында үшжақты Меморандумға қол қойылған екен.

«inDrive басшысының ақпаратына сәйкес Меморандум аясында қала ішіндегі және қалааралық тасымалдарда қауіпсіздікті арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынған», - деп хабарлайды министрлік.

Нақтырақ айтсақ, компания жүзедеген жүргізушіні оқудан өткізген. Сонымен қатар тамыз айының басында Алматы-Қонаев тас жолының қауіпті учаскесінде жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау тақырыбына билборд ілінген.

«Кездесу кезінде inDrive, көлік министрлігі және ішкі істер министрлігі  арасында жылдамдық режимі бойынша деректер алмасу мәселесі талқыланды», - деп хабарлайды министрліктің сайты. 

Кездесу кезінде Қарабаев inDrive басшысымен мына мәселелерді талқылаған:

- жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек, еңбек және демалыс кестесін және жылдамдық режимін сақтауы тиіс;

- таксомоторлық тасымалдарға тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс.