Солтүстік Қазақстан облысы жылыту маусымына 100 пайыз дайын – әкім

Автор: Молдатай Сымбат

Өңірдегі жылу желілерінің 74 пайызы ескіріп кеткен

Фото: tengrinews.kz

Солтүстік Қазақстан облысы жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтегі баспасөз конференциясынан соң ол журналистер сұрағына жауап берді.

«Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жылыту маусымына дайындықты тексеру үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барғанда, жылу электр орталығын тексерді. Біз жетекшімен бірге ЖЭО-на бардық. Графикке сәйкес, жұмыс басталды. Ол келесі жылы эксплуатацияға беріледі. Екі мұржа техникалық тексеру актінен өтті. Олар биылғы жылыту маусымында жұмыс істейді. Жылыту маусымына қала да, облыс да дайын. Жылу трассасы мен инфрақұрылым мәселелері бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деді әкім.

Бұған дейін Петропавл жылу электр орталығында жаңадан салынып жатқан түтін мұржасы біржола бұзылатынын жаздық. Себебі құрылыс жұмыстары кезінде бір жаққа қарай қисайып кеткен. Ал жаңа мұржа жыл соңына дейін салынып бітеді деген болжам бар.

«Қаражат бар, дайындық жүргізіліп жатыр, 100 пайыз дайын деп айта аламын», - деді әкім.

Қазақстанда 12 қаланың жылу желілері әбден тозған. Оның ішінде Петропавлда жылу желілерінің 74 пайызы ескіріп кеткен.