ШҚО-да жылу үшін артық төленген 354 миллион теңге тұтынушыларға кері қайтарылады
Өңірде жылу қызметінің құнын қайта есептеу жұмыстары жүргізілді

2023-2024 жылу маусымының қорытындысы бойынша ШҚО-дағы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті мен жылу жеткізу кәсіпорындары орталықтандырылған жылу қызметін пайдаланатын және жылу есептеу құрылғылары жоқ тұтынушылар үшін сыртқы ауаның нақты температурасына сәйкес жылу қызметінің құнын қайта есептеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
ШҚО-дағы ТМРК департаментінің мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2023/2024 жылу маусымына байланысты халыққа қайтарылатын қаражаттың жалпы сомасы 354 460 648 теңгені (ҚҚС-ты қоса алғанда) құрады, оның ішінде:
- «Водоканал» ШЖҚ КМК — 50 401 399 теңге;
- «Өскемен жылу желілері» АҚ (есептеу құралдары жоқ тұтынушылар) — 220 034 733 теңге (қайта есептеу 2023 жылдың желтоқсанында жүргізілді);
- «Востокэнерго» ЖШС — 72 065 099 теңге;
- «Күршім» ШЖҚ КМК — 857 869 теңге;
- «Л-ТВК» ЖШС — 8 761 664 теңге;
- «Серебрянск және Новая Бухтарма қалаларының жылу су орталығы» ШЖҚ КМК — 1 069 194 теңге;
- «Зайсан» ШЖҚ КМК — 1 270 689 теңге.
Айта кету керек, барлық тұтынушылар жалпы үйдегі жылу есептеу құралдарына көшкен кезде, тұтынушы тек нақты тұтынылған жылу энергиясының көлемі үшін ғана төлем жасайтын болады және сәйкесінше қайта есептеу қажет болмайды.