Қазақстан әйелдерінен шыққан тұңғыш педагог доктор өмірден өтті

Автор: Azattyq Rýhy

93 жастағы Күләш Құнантаева қыздар институтын ең ұзақ басқарған ректор

Фото: Қыздар педагогикалық университеті

Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы,  16 жыл бойы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (қазіргі университет) ректоры болған академик, профессор Күләш Құнантаева өмірден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Күләш Құнантаева 1931 жылы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген. Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. 1966 жылы «Некоторые внеучебные трудовые и образовательные объединения учащихся Казахстана» тақырыбында кандидаттық және 1981 жылы «Развитие женского образования в Казахстане (1920-1975)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

«1968–1984 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын ең ұзақ уақыт басқарған білікті ректор. 16 жыл аралығында Күләш Құнантаева оқу орнын жаңа деңгейге көтерді. Сол кезеңде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілген. Күләш Құнантайқызының тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді. Жаңадан 12 зертхана ашылды», - деп хабарлады Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі.