«Тиіп тұрған Қарағандыға бара алмайсыз»: Индрайвер жүргізушілерін қандай өзгерістер күтіп тұр
Рөлі оң жақта орналасқан автокөліктерді inDrive сервисіне тіркеуге тыйым салу ұсынылған
Қазақстанда трассалардағы жол апаттарының санын азайту және жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қалааралық тасымалмен айналысатын inDrive жүргізушілеріне талаптарды күшейту жоспарланып отыр. Көлік министрі Марат Қарабаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында таксистерді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын тізіп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марат Қарабаев көлік министрлігі тарапынан айтылған нақты ұсыныстарды атап өтті.
Біріншісі – рөлі оң жақтағы көліктерді Индрайверге тіркемеу.
«Ұсыныстардың бірі – рөлі оң жағында орналасқан көліктердің Индрайверге тіркелуге мүлде қақысы жоқ деген. Өйткені бізде ең көп жол оқиғалары осындай көліктермен байланысты болады. Мәселен, «Альфард» көліктері оң жақтағы рөлді сол жаққа ауыстырып алған, қолдан жасап алғаны көрініп тұр. Оларды да тіркеуге болмайды деп отырмыз», - деп түсіндірді министр.
Екіншісі – автобустар мен автокөліктер үшін орташа жылдамдықты бекіту. Қазір тиісті норма енгізілген заң жобасы Сенаттың қарауында жатыр.
«Бізде екі қаланың арасында тұрақты қатынайтын автобустар 2020 жылдан соң жоғалып кетті. Өйткені пандемия кезінде көп адам цифрлық технологияға өтті де, соның ішінде Индрайвер күшті болып, қазір халық екі қаланың арасында жүретін автобустарға бармай жатыр. Такси ыңғайлы, өйткені үйінен алып кетеді, одан соң тезірек жеткізеді», - дейді ведомство басшысы.
Рейстік автобустардың қызметін жандандыру үшін министрлік орташа жылдамдықты бекітпек.
«Бұл не дегеніміз? Бір нүктеден екінші нүктеге барған жағдайда орташа жылдамдық, мысалы 120 шақырым болса, одан асырмау керек. Одан көп болса, сізге автоматты түрде айыппұл келеді. Нәтижесінде жеңіл көлік пен автобустың орташа жылдамдығы бірдей болады. Сондықтан халық автобусқа қайта отыра ма деген ой», - дейді Қарабаев.
Үшіншісі – такси жүргізушілеріне 50 шақырымнан артық қатынауға тыйым салу.
«Мысалы басқа шет елдердің тәжірибесі бар. Мұндай агрегаттар 50 шақырымға дейін ғана тасымалдай алады. Ал одан алыс қашықтыққа баратындар тұрақты рейстік автобустарға отыруы керек. Біз қазір осы мәселені талқылап жатырмыз. Яғни Индрайвердің қашықтығы 50 шақырымнан асатын елді мекендерге жолаушы тасымалдау мүмкіндігі болмайды. Кейбірі 50 дейді, енді бірі 150 шақырым болсын дейді. Бірақ бізге адамдардың қауіпсіздігі маңызды», - деп мәлімдеді Қарабаев.
Осы орайда журналист: «мысалы, егер осындай тыйым енгізілсе, Астанадан көрші Қарағандыға Индрайвермен бара алмаймын, тек автобуспен қатынаймын ба? Дұрыс түсініп тұрмын ба?» деп нақтылады.
«Қандай шақырым белгілейтінімізге байланысты. Егер 50 шақырымнан аспауы керек деген шешім қабылдасақ, онда көрші Қарағандыға таксимен бара алмайсыз», - деп түсіндірді көлік министрі.
Төртіншісі – жүргізушілер үшін Face ID енгізу. Қазір күндіз-түні демалмай қаладан қалаға жолаушы таситын таксистер бар. Жүргізушілердің жұмыс уақытын реттеу үшін Face ID қолдану ұсынылып отыр.
Марат Қарабаев әзірге бұлардың бәрі жай ғана ұсыныс екенін, нақты шешім қабылданбағанын атап өтті.
«Индрайвердің де, Яндекс таксидің де құрылтайшыларымен кездесіп сөйлестік. Олар өз позициясын айтып отыр. Ал жүргізушілер басқа пікір айтады. Бұл жерде мәселе өте көп», - дейді Қарабаев.