Ток-шоу абьюзер күйеуімен татуластырмақ болған әйелге белсенділер Астанадан пәтер алып берді (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Гүлмира Смайылованың алты баласы бар

видеодан скриншот

Ұзақ жылдар бойы абьюзер күйеуінен қорлық көрген алты баланың анасы Гүлмира Смайылова Астанадан үш бөлмелі пәтер алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

18 жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдаған Гүлмира Шымкент қаласынан Астанаға қашып келіп, «Қорғау» дағдарыс орталығын паналаған. Сол кезде «Хабар» арнасында енді ашылған «Бірақ» ток-шоуы оны зорлық-зомбылық тақырыбына қонақ ретінде шақырған. Бетіне маска тағып, бағдарламаға аноним қонақ болуға келіскен Гүлмираға телеарна қызметкерлері «тосынсый» жасаған: олар тікелей эфирдегі ток-шоуға Гүлмираны ұрып-соққан күйеуін шақырып, оның қолына гүл ұстатып, екеуін татуластырмақ болады.

Бұндайды күтпеген Гүлмира бетіндегі маскасын шешуге мәжбүр болып, тікелей эфирде ағыл-тегіл жылаған еді. Инцидент Қазақстанда резонанс тудырып, телеарнадағы ток-шоу жабылды.

«Қорғау» дағдарыс орталығы Гүлмира мен алты баласына психологтың көмегін ұйымдастырып, алты балалы анаға пәтер алып беру үшін жылу жинады.

«Бас-аяғы 16 627 475,54 теңге жиналды. Пәтердің құны 16 400 000 теңше. Құжат рәсімдеуге 44 мың теңге жұмсадық, гүлмираның жалдап тұрып жатқан пәтеріне 110 мың теңге төленді. Қалған 73 мың теңгенің 60 мыңын тағы жарты айдың пәтерақысына береміз, өйткені, үй иелері екі апта ішінде көшеді. Қалған ақша гүлмираның көшіп-қонуына жұмсалады», - деп жазды «Қорғау» орталығы.

Дереккөзге сүйенсек, үш бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 55 шаршы метр. Үйдің бірінші қабатында орналасқан.

Айта кетейік, пәтер рәсімдеп жатқан Гүлмира Смайылованың жанынан белсенділерді және экономист Рахым Ошақбаевты байқадық.