Істі прокуратура өз бақылауына алды
Қостанай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Бәсенова үш бала топтасып зорлаған бес жасар қыздың анасымен кездесіп сөйлескенін, бірақ сол күннен бері әйел байланысқа шықпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бәсенованың айтуынша, ол 2024 жылғы 25 шілде күні жәбірленуші қыздың анасымен кездескен. Оған психологиялық көмек көрсетілген, оқиғаның мән-жайы анықталған.
«Баланы әлеуметке қайта бейімдеу үшін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында Қостанай қаласы білім бөлімінің практикалық психология бөлімі жәбірленуші қыз бен оның анасын «Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы мен ерте жүктілігінің алдын алу» жобасына қосуды ұсынды. Сондай-ақ анасына ҚР арнаулы әлеуметтік қызметтер стандарты аясында жұмыс істейтін Дағдарыс орталығында тұруға болатыны түсіндірілді. Анасы бұған келіскен, бірақ содан бері байланысқа шықпай отыр», - деп жазды Бәсенова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған қоса Қостанай әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия да осы оқиғаны қараған.
Күдіктілердің ата-аналарына қатысты материалдар жиналды, қазір Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісінде жатыр.
«Осыған байланысты аталған факті бойынша барлық мемлекеттік мүдделі орган жұмылдырылғанын және жәбірленушіге жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын бар жауапкершілікпен мәлімдеймін. Қазір бұл іс Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мен прокуратураның бақылауында. Тергеу аясында басқа ақпарат таратылмайды»,- деді Бәсенова.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда болған жантүршігерлік оқиға жайлы НеМолчиKZ қоры жазды. Шілде айының басында бес жасар қызды 8, 12 және 13 жастағы ұлдар топтасып зорлаған. Екі бала қызға күш қолданып, таспен самайынан ұрған. Балалар кінәсін мойындады, тергеуге мемлекеттік адвокат пен мектеп психологы тартылған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, сараптамалар жасалады.