«Қазселденқорғау»: 1 ай бұрын ақталған Көкрекбаев темір торға тоғытылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның орынбасары 11 жылға сотталған

Фото: president.kg

«Қазселденқорғау» ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаев сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылдың 7 маусымында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақтаған.

Оның орынбасары Ахатаев пара алғаны үшін, ал Bazis Construction Infr ЖШС филиалының директоры Поплавский аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

Орынбасары және пара беруші ЖШС директоры – екеуі де сот шешімімен 11 жылға сотталды.

Алматы облысының прокуратурасы бірінші сатыдағы соттың қателіктеріне байланысты Көкрекбаев үкіміне апелляциялық шағым түсірді.

2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты апелляцияны қанағаттандырып, істі қайтадан қарауға жіберді. Үкімнің күшін жойды. Кәрім Көкрекбаев сот залында қамауға алынды.

Кәрім Көкрекбаев Жамбыл облысының бұрынғы әкімі және «Қазселденқорғау» ММ басшысы қызметтерін атқарған. Оның ұсталғаны туралы 2022 жылдың 27 желтоқсанында белгілі болды. Антикор Көкрекбаевты «пара алған кезде» ұстаған.

2023 жылдың мамыр айында Антикор осы іс бойынша айыптылар жұмыс актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жалпы сомасы 396 миллион теңге пара алғанын жариялады.