Алматы облысында зілзаладан зақым келген мектеп әлі жөнделмеген
Тұрғындар аталмыш мәселеге оқу-ағарту министрінің араласуын сұрап отыр

Алматы облысында жер сілкінісінен кейін зақым келген мектепте әлі жөндеу жұмыстары бітпеген. Енді екі мыңға жуық оқушының қайда барып білім алатыны белгісіз. Негізі зілзаладан кейін бүлінген мектеп маусым айында жөнделе бастаған. Бірақ қаражат дер кезінде бөлінбей, жұмыс тоқтап қалыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Аудандық білім бөліміндегілер апатты мектепті жөндеуге «жақын күндері 800 миллион теңге бөлінеді деп сендірді. Ал баласының қауіпсіздігі үшін алаңдаған жұрт ескісін жамағаннан гөрі, бұл қаражатқа жаңа білім ошағын салып берсін деп отыр. «Сырты бүтін, іші түтін». Бұл тіркес дәл осы мектепке қатысты айтылғандай. Себебі, қазір нысанның бірінші қабаты айра-жайра болып жатыр. Ата-аналар да, мектеп ұжымы да білім ошағының о баста сапасыз салынғанын айтады.
«Тек топырақпен себе салған, қыста жасағаннан кейін кесек-кесек мұз қатқан. Топырағы тұтастырғыш пен топырақ арасында 60-80 см бос кеңістік болды. Жер сілкінгенде сол бос жеріне қабырғасы гүрс етіп құлады. Көп ажырап кетті. Әсіресе корпус жағы», - деді мектеп директорының орынбасары Еркінай Османова.
Соның салдарынан еденнің астымен жүргізілген кәріз құбыры да ажырап, төмендегі топырақ түгел су болған. Сөйтіп оқушылар мектепсіз қалған. Небәрі 600 орындық мектепте осыған дейін 2 мыңға жуық бала үш ауысыммен оқып келген екен. Жаңа оқу жылының басталуына бір айдай ғана уақыт қалды.
Ал Іле ауданындағы №40 мектептің бүгінгі көрінісі сол қалпы. Жер сілкінісінен кейін апатты деп танылған мектепте маусымның басында құрылыс басталғанымен, қаржы мәселесіне байланысты жұмыс тоқтап қалған. Жер сілкінісінен соң оқушылар қашықтан оқытуға жіберілген. Бірақ жаңа оқу жылында онлайн оқуға ата-аналар түбегейлі қарсы.
Дегенмен Жайнақ ықшамауданының тұрғындары апатты мектептің жөнделуін де құптап отырған жоқ. Себебі тағы да зілзала болған жағдайда нысанның сапасы сыр бермесіне еш кепіл жоқ дейді олар.
«Бұл 2016 жылы берілген мектеп. Жеті жылда жарамсыз болып қалды. Неліктен? Күрделі жөндеуден кейін кім оның сапасына кепіл береді? Бұл мектеп бұзылсын да, жаңа мектеп салынсын», - дейді Жайнақ ықшамауданының тұрғыны Бауыржан Әділбек.
Әзірге оқушыларды жақын маңдағы өзге мектептерге орналастырып, тасымал мәселесін шешіп берсе дейді жұрт. Ал мектептің «іргетасы бүтін» дегенді алға тартқан аудандық білім бөліміндегілер жақын күндері жөндеу жұмыстарына 800 миллион теңге бөлінеді деп сендірді. Осыған дейін сараптама нәтижесін күтіпті-міс.
«Құжаттардың бәрі төтенше жағдайлар басқармасына толық тапсырылды. Жалпы 800 миллионнан астам қаржы резервтен бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Қаржы бөлуге смета құжаттары да бар. Кешіктіріледі, жыл соңына дейін аяқтасақ деп жоспарлап отырмыз», - деді Іле ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Елубаева.
Әзірге оқушыларды жыл соңына дейін көрші мектептерге орналастыруды жоспарлап отыр. Ал, ұл-қыздарды тасымалдауға 26 автобус бөлінбек. Бірақ екі мыңға тарта оқушыға бұл жеткіліксіз дейді тұрғындар. Балаларының оқуына алаңдаған халық аталмыш мәселеге оқу-ағарту министрінің араласуын сұрап отыр.