Шетелде 7 млн этникалық қазақ тұрады – депутат

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанға жыл сайын 10 мың қандас көшіп келеді 

Шетелде 7 миллион этникалық қазақ тұрады. Бұл – Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 миилион халықтың 38%-ы. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты.

«Сырт жерлердегі сан миллион ағайындарымыздың атамекенге түпкілікті келемін деген ыстық ықыласын суытып алмай, сағынышы мен сүйіспеншілігіне сызат түсірмей, қазақ көшін қайта жаңғыртуымыз керек. Өйткені, Қазақстан – шеттегі қандастарымыздың жалғыз рухани отаны. «Отандастар» қорының әлеуметтік сауалнамасына сүйенсек, Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді. Солай бола тұра, соңғы 8 жылда қандастар легі жылына небәрі 10 мың адамды ғана қамтыған», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сонымен бірге, сенат депутаты Қазақстаннан көшіп жатқан азаматтардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді.

«Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны – 11%, көрші Өзбекстанда – 60%,  Тәжікстанда – 68%, Қырғыстанда 43%-ға өскен.  Біздің ел үшін басты қауіп – елден көшіп кету. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 миллионға жеткен. Тек соңғы он жылдың ішінде Қазақстаннан Ресейге 300 мың адам қоныс аударды. Елден қоныс аударғандардың 44 проценті – 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар», - деді сенатор.

Сондай ақ, ол соңғы 29 жыл ішінде небәрі 4 қытай Қазақстан азаматтығын алғанын айтты.

«Қазақстанда азаматтық алу оңай, әсіресе қытайлықтар азаматтық көп алып жатыр деген мәліметтер БАҚ-та жиі көтеріледі. Талдау барысында мұның барлығы негізсіз екені айқындалды. Соңғы 29 жылдың ішінде Қазақстан азаматтығын қытай ұлтының 4 азаматы ғана алған», - деді ол Сенат отырысында.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан