Мамандар Петропавл көшелеріндегі ағаш отырғызу жұмыстары тиісті талапқа сай жүргізілмейтінін айтады
Петропавл көшелеріндегі кәрі ағаштар оталып, орнына жас көшеттер егілуде. Бұл – жыл сайын қайталанатын картина. Өйткені, егілген шыбықтардың жартысына жуығы қурап қалады. Сондықтан келесі жылы жаңасын қайтадан отырғызуға тура келеді. Биыл да облыс орталығында 4 мың ағаш егу жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
4 МЫҢ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Көптеген кәсіпорындар карантинге байланысты жұмысын уақытша тоқтатқанда Петропавл қаласындағы коммуналдық мекемелердің қызметі қыза түсті. Көшеде өсіп тұрған кәрі ағаштар оталып, орнына жас көшеттерді отырғызу науқаны басталды. Бұл жұмыс бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып, қомақты қаржы да бөлініп келеді. Биылғы көктем мезгілінде Қызылжар шаһарының 17 көшесінде жалпы саны 4 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған.
«Арнайы зерттеу жасалып, жарамсыз ағаштар кесіліп жатыр. Бұл жұмысты мамандар атқарды. Қураған теректер көше сәнін кетіріп тұр. Сырттай дұрыс көрінгенімен, діңі шіріп кеткен. Олар дауыл болса құлап, айналаға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қаланы мұндай ағаштардан дер кезінде тазартқан дұрыс», - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Тұрғындар арасында ағаштардың кесілуіне қарсылық танытқандар да бодды. Өйткені олар сау ағаштардың да оталып жатқандығын айтады.
«Ағаштар қысы-жазы кесіліп жатыр. Жауапты мекемелер қурап қалған ағаштарды ғана емес, сау ағаштарды да алып тастайды. Себебі олардың бұтақтары электр сымдарына тиіп қалған. Бұл да әу баста ағаш отырғызғанда ескерілмей қалған. Оның өсуіне ондаған жылдар кетті. Сондықтан көшелерді көгалдандыру – жүйені талап етеді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жаңыл Ыдырыс.
АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ТИІСТІ ТАЛАПҚА САЙ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ
Солтүстік Қазақстан облысында ірілі-ұсақты 29 орман тәлімбағы бар. Бүгінде аталған мекемелерде 7 миллион түпке жуық көшет өсіріледі. Олардың ең ірісі – Кондратовка орман шаруашылығы. Тәлімбақ директоры Аманжол Кебекбаев көшелерде ағаш егу жұмыстарының тиісті талапқа сай жүргізілмейтінін айтады. Сондай-ақ отырғызылған ағаштардың қурап қалуының негізгі себебі де осы екенін меңзейді.
«Петропавл қаласына көшеттер отырғызумен жыл сайын «Коммунхоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Арнайы білімі мен тәжірибесі жоқ мамандар отырғызған бұл ағаштар көп ұзамай солып қалып жатқанын көріп жүрміз. Себебі, өңіріміздің құбылмалы ауа райы көшет біткеннің көктеуіне қолайлы дей алмаймыз. Сортаңдау топырақта кез келген ағаштың тамыр жайып, жайқалып кетуі қиын. Сондықтан егілетін жасыл желек тек арнайы тәлімбақтардан жеткізілуі тиіс», - дейді «Кондратовка орман тәлімбағы» ЖШС директоры Аманжол Кебекбаев.
«АҒАШ ТА БАЛА СИЯҚТЫ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ»
Кондратовка орман тәлімбағының негізі 1898 жылы қаланған. Аумағы 120 гектар. 39 түрлі ағаш-бұта сұрыптары өсіріледі. Оның алтауы - сирек кездесетін қылқанжапырақты ағаштар тобына жатады. Қарағай, сібір шыршасы, самырсын, сағызқарағай, арша, сүмбіл және ақ терек, қайың, емен, алма, шие, алмұрт, шетен, мойыл және тағы басқа ағаштар бар.
«Тәлімбақтарда өсірілген көшеттердің жаңа ортаға тез бейімделіп, өркен жайып кетуі үшін де күтім қажет. Себебі, ағаш та адам сияқты ауырады. Қала көшелерінде өсетін ағаштардың орта жасы 60-70 жыл. Жас көшет жас бала сияқты ерекше күтімді қажет етеді. Кез келген шыбықтың бірден жерсініп кетуі қиын. Дәнегінен бастап өнген көшеттердің арасы жиі болатыны мәлім. Арада жыл өткен соң оларды сиретеміз. Келесі жылы бір метрге, одан кейінгі жылы екі метрге, осылай жалғастырып араларын алшақтатамыз. Бұл оқушының бір сыныптан екінші сыныпқа көшкені сияқты. Тамыры жетіліп өскен көшет жалғыз өсуге бейімделеді. Яғни, тәлімбақта көшеттер он жылда бірнеше рет орын ауыстырады. Сондықтан басқа жерге отырғызылған кезде тез бейімделеді. Орманнан қазылып әкелінген көшеттерге қарағанда төзімді болатыны да сондықтан», - дейді Аманжол Кебекбаев.
Мамандар ағаштардың өспей қалуының тағы бірнеше себебін атайды. Оның қатарында тұқымның дұрыс таңдалмауы мен тиісті мерзімнің сақталмауы да бар.
«Ағаштарды жыл бойы отырғыза беруге болады. Тек әр өңірдің климаттық ерекшелігін есепке алу маңызды. Ең басты талап – ағаштың тамыры кеуіп қалмауы керек. Ол ылғалды топырақтан алып тұрады. Ағашты еккеннен кейін екі күннің бірінде суарған абзал. Көшеде кетіп бара жатып, көшеттердің қалай отырғызылып жатқанына назарым ауды. Қазылған шұңқырдың төменгі беті – топырақ емес, тас. Жер де дұрыс өңделмейді. Соның кесірінен ағаш тамыры өзіне қажетті мөлшердегі ылғалды сіңіре алмайды. Сондықтан, қорексіз қалған шыбықтар өсіп жетілмей, қурап қалады. Өткен жылдары қарағай егілді. Ол қаланың лас ауасында өспейді. Қаншама қаражат желге ұшты. Өліп жатқан ағаштарға жаным ашиды», - дейді биотехнология магистрі Гүлжан Есімсейітова.
Қазір де Петропавл көшелерінде қайың шыбықтары егіліп жатыр. Бүр жарып, жапырақтары қылтиып үлгерген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО