«Қазір әйелдер бұрынғыдай төзіп отыра бермейді»: Шрахметова халықтың құқықтық сауаттылығы жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Жаңа заң қабылданғалы тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық іс аясында қаралады  

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынын

Астана қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Гүлмира Шрахметова Абай облысының Абай ауданында дүниеге келіп, орта білімді де осы жерде тәмамдаған. Отбасында әкесі мұғалім, анасы дәрігер қызметін атқарған.

«Ата-анам бетімнен қақпай, еркін, өжет қыз етіп өсірді. Мектепті үздік бітірдім. Үш жоғары оқу орнын тәмамдадым. Алғашқы мамандығым – экономист. Ал ішкі істер органына саналы түрде келдім. Семей заң колледжінде экономикадан сабақ беріп жүрген кезде олардың жұмысы қандай екенін бақыладым. Содан кейін осы салада өзімнің қызмет еткім келетінін түсіндім. Ол менің бала күнгі арманым еді. Себебі кішкентай кезімде ішкі істер органында неге ер адамдар басым, әйелдер неге еңбек етпейді деп ойлайтын едім. Арнайы киім-кешектеріне қызығатынмын. Бала күнгі арманым осы мамандыққа әкелді. Өз өмірімнің 19 жылын білім беруге арнасам, 17 жылдан астам уақыт бойы ішкі істер саласында еңбек етіп келемін», - дейді ол.

Гүлмира Шрахметова соңғы жылдары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты төзімділік деңгейі жоғарылаған дейді. Отбасында теперіш көрген әйелдердің үні шығып, қоғамда резонанс тудырып жатыр. Бұл адамға жасалған, оның ішінде әйелге жасалған зорлық-зомбылыққа деген нөлдік төзімділікке тікелей жол ашып отыр. Ол қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді оңалту жұмыстары қолға алынған дейді. 

«Өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатып, халықты ақпараттық қамтамасыз ету, болған қылмыстарға талдау жасап, олардың алдын алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 2024 жылдың 14 сәуірінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру нормалары бар заңға қол қойды. 16 маусымда заң күшіне енді. Содан бастап ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша, 109-1-ұрып-соғу баптары бойынша қылмыстық істермен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда отбасылық тұрмыстық салада жасалатын қылмыстар бұрынғыдай әкімшілік істер бойынша емес, қылмыстық істер аясында қаралады», - дейді Шрахметова.

Аға инспектор атағандай, қазір халық барынша ақпараттанған, құқықтық сауаттылығы, санасы мен мәдениеті артып келеді.

«Осыдан 7-8 жыл бұрынғыны қазіргі жағдаймен салыстырып қарасақ, сол кезде әйелдер салыстырмалы түрде шыдап, көніп өмір сүртетін. Қазір құқықбұзушылық болса, әйелдің өзі, көрші-қолаң, көшедегі тұрғындардың өзі полицияға хабарласып, осы тұрғыда хабарлап жатады. Бұл шын мәнінде бізді қуантады. Жабық есік артында болып жатқан ең қауіпсіз жер – үйде болып жатқан қауіпке ұшырап жатқандарға куәгер боламыз. Азаматтық позициясы жоғары адамдар, көршілеріндегі кикілжіңді полицияға хабарласа, қызметкерлер барып тексеріп, тиісті шара қолданып, шешім шығарады», - дейді ол.

Маманның айтуынша, қазір аумалы-төкпелі заманда ақпарат ағыны өте көп.

«Полиция қызметкерлері де біліктігін арттырып, үнемі дамуда, ізденісте жүруі керек. Сондықтан полиция қызметкерлеріне де түрлі салада дәрістер оқылады. Бұл жаңа заң нормалары мен цифрландыру аясында жүзеге асырылады. Мәселен, күні кеше ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасына «Тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті мәселе» атты тақырыпта жеке құрамға дәріс оқыдым. Оның барысында 85-тен аса қызметкерлерге жаңадан қабылданған заң нормалары мен қазіргі кездегі тұрмыстық салада жасалып жатқан құқық бұзушылықтарға шолу жасап, қолда бар статистикалық мәліметтермен таныстырып, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмауға шақырдым. Болған жағдайда алгоритм бойынша әрекет етудің маңыздығына да тоқталдым», - дейді Гүлмира Шрахметова.