Болмайтын жерде шомылған 721 қазақстандық 18 млн теңге айыппұл төледі

Автор: Azattyq Rýhy

Шомылу маусымы басталғалы елімізде 85 адам суға кетті

Фото: freepik.com

Шомылу маусымы басталғалы елімізде 85 адам суға кетті. Оның 35-і – балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ хабарлауынша, жазатайым оқиғалар демалыс күндері жиі кездеседі.

«Қауіпсіздік ережелерін елемеу, жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды назардан тыс қалдыру көбінесе қайғылы жағдайға әкелуде. Қазақстандықтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Бұл ережелермен сіз министрліктің ресми сайтында таныса аласыз», - деді ТЖМ.

Тыйым салынған жерлерде шомылу өмірге қауіп төндіріп қана қоймай, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Тек әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 721 қазақстандыққа 18 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

«Министрліктің халықты қорғау бойынша қабылдаған шаралары өз тиімділігін көрсетуде. Оған дәлел, 45 күннің ішінде құтқарушылар 153 адамның, оның ішінде 38 баланың қаза болуына жол бермеді», - делінген ақпаратта.