Антикор білім беру саласындағы жемқорлық фактілерін атады
Түркістан және Жетісу облысының білім бөлімдерінде заң бұзу анықталды
Антикор білім беру саласындағы жемқорлық фактілерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселен, Түркістан облысында білім беру саласында жемқорлық әрекеттері үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
«Шардара ауданының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 12 қатысушыдан тұратын тұрақты қылмыстық топ білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы 2020-2023 жылдар кезеңінде жүйелі негізде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді», - делінген Антикор хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Сонымен қатар, Жетісу облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаражатын жымқыру мақсатында оған қатысу фактісі бойынша Талдықорған қаласының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтады.
«Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы наурыз аралығында Талдықорған қаласының аумағында 13 қатысушыдан тұратын адамдар тобы құқыққа қарсы іс-әрекеттермен айналысқан. Олар жүйелі түрде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілді», - деп хабарлады Антикор.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.