«Мінезі мен тәрбиесі ұнайды»: қазақ әндерін орындап танымал болған беларусь қазақ қызына үйленгісі келеді (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол мектепте қазақ және орыс тілінен сабақ береді

Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде қазақ әндерін орындап танымал болған Борис Щетинко «Бәрі ASHYQ» подкастына берген сұхбатында неге қазақ қызына үйленгісі келетінін  айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Борис Щетинконың ұлты беларусь, Қостанай облысы Арқалық қаласынан 45 шақырым жердегі Үштөбе ауылында мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол әлеуметтік желіде қазақ әндерін нақышына келтіріп айтып, танымал болған.

 «Соңғы кезде осы жайлы көп ойланатын болдым. Дос балаларым қонаққа шақырады. Олардың көбі үйленген. Үйленбеген бір-екеуімен «бойдақтар» деген топ ашып алғанбыз. Достарымыз қонаққа шақырғанда көңіл-күйім түсіп кетеді. Себебі балалары «мама», «папа» деп жүгіріп жүреді. Мен неге текке жүрмін, маған да үйлену керек деп ойлаймын. Маған әлі бұйырмай тұр ма, қазір іздеп жүрген жайым бар», - дейді ол.

Щетинко өзінің болашақ әйелі қазақ ұлтынан болғанын қалайтынын айтты.

«Қазақ қызына үйленсем деп ойлап жүрмін. Олардың мінезі, тәрбиелігі өзіме жақын, ұнайды. Менің 3-4 досым басқа ұлттан, бірақ олар қазаққа үйленген. Олардың отбасы қандай болып жатқанын көріп жүрмін. Сондықтан мен де қазақ болғанын қалаймын. Достарым маған біреу ұнаса, алып қаш деп айтады. Руың Мырзабек деп айтсаң болды деп қалжыңдайды. Негізі қазақ қызын алуды бұйырсын деп отырмын», - дейді Борис Щетинко.