Милана Давыдованың өлімі: прокуратура қыздың анасын 20 жылға соттауды талап етті

Автор: Azattyq Rýhy

Ал оның көңілдесін өмір бойына қамауды сұрады 

Фото: polisia.kz

Павлодарда жеті жастағы Милана Давыдованы қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айыпталушы – қыздың анасы Татьяна Давыдова мен оның көршісі, көңілдесі болған Асқар Әбілдинов.

Прокуратура қыздың анасының сүйіктісін өмір бойына соттауды талап етті. 

«Сотталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануды («кәмелетке толмаған адамды өлтіру, яғни көрінеу дәрменсіз жағдайдағы басқа адамға қасақана қасақана өлім жасау, адамдар тобы ерекше қатыгездікпен жасаған») және өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушы Елена Белова.

Мемлекеттік айыптаушы бірнеше рет сотталған адамның әрекеттерінде қауіпті рецидив байқалғанын атап өтті.

Татьяна Давыдова үшін мемлекеттік айыптаушы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Тергеудің қорытындысы бойынша, әйел қызын есінен танғанға дейін ұрып-соғып, оның серіктесі қылмысты аяқтаған.

Сот процесінде әйелдің өзі кінәні мойындамады. Әбілдинов баланы өлтіруге қатысы бар екенін де жоққа шығарды.

Еске салайық, 2023 жылы 17 қарашада Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылында мектеп оқушысы Милана Давыдова жоғалып кетті. Полиция, құтқарушылар мен еріктілер қызды 24 сағат бойы іздеген. 19 қарашада баланы өлтірді деген күдікпен қыз баланың анасы мен оның ашынасы ұсталды. Олар өз кінәсін мойындады.

Қылмыс болатын күні Милананың анасы екі ұлын көршісіне апарып тастап, қызын ұрып өлтірген. Артынша ашынасына айтып, мәйітті үйілген қоқыс арасына көмдіріп тастаған. Баласының жоғалғанын айтып, сосын жұрттан көмек сұрапты.

Қазір күдікті келіншек сыбайласымен бірге қамауда отыр. Екі баласын бейімдеу орталығына алып кетті. Милана атасы мен әжесінің жанына жерленді.