«Жәрдемақы бермейміз, несие рәсімдемейміз». ТҮҚЖБ неге толық жұмыс істемей тұрғанын түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Банк қазір клиенттерді тек алдын ала жазылу кестесі арқылы қабылдап жатыр

Елдегі төтенше жағдайға байланысты, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер 20 сәуірден бастап ішінара, ал 27 сәуірден бастап аз штатпен барлық қызмет түрлері бойынша жұмыс істей бастады. Екінші деңгейлі банктердің қалалардағы филиалдарының басым бөлігі  ашылып, азаматтарды барлық мәселесі бойынша қабылдап жатыр.

Тек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір-бір филиалы ғана ашылды. Оның үстіне, жазылу онлайн режимде тіркеледі, ал жазыламын деушілер өте көп. Орташа күту уақыты бір аптаға созылады, кейде екі апта күтуге де тура келеді.

Банк өкілдерінің айтуынша, екі қалада бір-бір филиалдан ашу – қалалардағы төтенше жағдай кезіндегі жедел штабтың шешімі болған.

«Иә, төтенше жағдай кезінде алдымен 20 сәуірден, кейін 27 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер жұмысын ішінара жандандырып отыр. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Нұр-Сұлтан қаласында 20 сәуір күні ең үлкен бір филиалын, Алматы қаласы 27 сәуірден бастап сондай бір филиалын іске қосты. Бірақ айта кетейін, қалған өңірлерде банктің біраз қызметін онлайн форматта алуға болады. Екі қалада да онлайн қызметтер қолжетімді. Ал клиенттердің онлайнда шешілмейтін мәселесін аяқтау үшін банк әзірге екі филиалын ашты. Бұл екі қаладағы жедел штабтың шешімі екенін айтқым келеді. Банк қаласа жұмыс істеп, қаламаса жұмысын тоқтататын жекеменшік емес», - дейді банктің баспасө хатшысы Наталья Кутлина.

Дегенмен, баспасөз хатшыдан екінші деңгейлі банк бола тұра, қалған банктердей емес, неге «ерекшеленіп» тек бір филиалдан ғана ашу туралы шешім шығарылғанын сұрадық.

«Иә, біз екінші деңгейлі банкпіз. Бірақ біздің жұмыс істейтін бір ғана бағытымыз бар – ол мемлекеттік және банктің өз бағдарламалары арқылы ипотека ұсыну. Басқа екінші деңгейлі банктер жәрдемақы, зейнетақы жібереді, төлем карталарын шығарады. Бізде ондай өнімдер жоқ. Сондықтан, жедел штабта осындай шешім қабылданды», - деді ол.

Наталья Кутлина екі қалада да банк клиенттерінің саны өте көп болғандықтан, бөлімшелер ашыла сала адам нөпірінен коронавирус инфекциясының тарау қаупі де жоғары болады дейді.

«Банк бөлімшелерінің бәрін ашсақ, адамдар көп келетіні анық. Ал ол аурудың таралу қауіпін көбейтеді. Түптеп келгенде, онлайн жазылу арқылы ғана қабылдау, біраз қызметті онлайн форматқа ауыстыру сол клиенттеріміздің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Өйткені, адам көп жиналған жерде ауру тез тарайды. Дегенмен, төтенше жағдай аяқтала сала, 11 мамырдан бастап бұрынғы кестемен жұмыс істейміз деген үміттеміз. Әрине, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып», - деді ол. 

Сондықтан Наталья Кутлина айтқандай, банк 11 мамырға дейін бөлімшелерін біртіндеп іске қосуды жоспарлап отырған жоқ.

Қазір банк видеобайланыс арқылы азаматтарға ағымдағы шот ашып, өз реквизиттерін өзгертуге, салым сомасын ауыстыруға, ағымдағы есепшоттағы ақшаны басқа банктің есепшотына ауыстыруға, салымды бөлуге, салым шартын бұзуға мүмкіндік беріп отыр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан