Ер адам аға лейтенант атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды
Павлодарлық полицей шетелдіктен 100 мың теңге пара алу кезінде ұсталды. Миграциялық полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қалалық сотта қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар-онлайнға сілтеме жасап.
Сегіз ай бойы бұрынғы полицей шетелдік азаматтан пара ретінде 100 мың теңге алған. Ол ақшаны әкімшілік жауапкершілікке тартпау және Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат беру үшін алған.
Пара алу қылмысы үшін заң бойынша айыппұл немесе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот барлық жағдайларды ескере отырып, нақты мерзім тағайындады.
«Қылмыстың ұзақ жүйелі сипатқа ие болғанын, іс жағдайлары мен сотталушының жеке басын ескеріп, сот оған жеңіл жаза тағайындауға негіз көрмеді, яғни айыппұл салмады. Кінәні толық мойындауын, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді көмектесуін, жасын ескере отырып, сот үш жылға, яғни ең аз мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Ер адам аға лейтенант атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.