СҚО тұрғыны сирек кездесетін қаруларды заңсыз сақтаған

Автор: Azattyq Rýhy

Атыс және суық қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды 

Фото: polisia.kz

СҚО полицейлері сирек кездесетін қаруды заңсыз сақтаған азаматты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне атыс қаруын заңсыз сақтайтын облыс орталығының тұрғыны туралы жедел ақпарат келіп түсті.

9 шілдеде азаматтың тұрғылықты жері бойынша тергеу іс-қимылдары барысында оның үйі мен гаражының жертөлесінен Шпагина пулеметі, Мосин мылтығының пышағы, травматикалық және пневматикалық тапаншалар, 11 бірлік түрлі оқ-дәрі, 8 пышақ тәркіленді, - деп хабарлады полиция. 

Атыс және суық қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс шеңберінде тәркіленген заттар бойынша сот сараптамалары тағайындалды, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.