Екібастұз әкімдігі терроризммен күреске 10 млн теңге бөлмек

Автор: Темірхан Айжан

Әкімдік баспасөз қызметі деструктивті діни ағымдар идеологиясымен күрес жүріп жатқанын хабарлады 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Екібастұз қаласының әкімдігі әлеуметтік желідегі халық пікірін бақылау үшін жариялаған 10 млн теңгенің лотын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдік баспасөз қызметінің жазуынша, конкурсқа бөлінген қаражат имидждік жұмысқа қатысты емес, тек деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуын болдырмау мақсатында шаралар қабылдауға көзделген.

«Екібастұз қаласының мемлекеттік органдары жастарды деструктивті идеологияның ықпалынан қорғау бойынша шаралар қабылдауда. Жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары және дін саласындағы уәкілетті ұйым өкілдерінің қатысуымен Екібастұз қаласының терроризмге қарсы комиссиясының отырысы өткізілді, онда деструктивті діни түсінік идеологиясын тарату мәселесі қарастырылды», - делінген хабарламада.

Терроризмге қарсы комиссия отырысынының қорытындысы бойынша ақпараттық кеңістікте, атап айтқанда әлеуметтік желілерде аналитикалық және ақпараттық жұмыстарды күшейту жөнінде ұсынымдар әзірленген.

«Қолда бар мәліметтерге қарағанда деструктивті идеологияның негізгі таралу көзі әртүрлі интернет-ресурстар, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, әлеуметтік желілер мен онлайн-алаңдарға мониторинг жүргізу және талдау бойынша ашық конкурс тәсілімен қызметтерді сатып алуға 10 млн теңге көлемінде қаражат бөлу туралы шешім қабылданды», - деді әкімдіктен.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз қаласының әкімдігі «ақпараттық мониторинг қызметтері үшін» 10 673 466 теңгеге тендер жариялаған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сай, әкімдік қызмет көрсетуші тұлғадан әлеуметтік желілер мен басқа да онлайн-алаңдардың деректерін жинау және талдау жүйесіне қолжетімділікті ұсынуды талап етеді. Оның ішінде Вконтакте және Instagram әлеуметтік желілеріне басымдық берілген.