Астанада ерекше қажеттіліктері бар 34 жасөспірім колледж сертификатын алды

Автор: Azattyq Rýhy

Пилоттық жобаны «Болашақ» қоры жүзеге асырды

Фото: «Болашақ» қоры

Елордада «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаты» пилоттық жобасының түлектеріне куәлік беру рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жобаны «Болашақ» корпоративтік қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және AMANAT партиясының қолдауымен жүзеге асырғанын атап өткен жөн.

Оқыту келесі курстар бойынша өтті:

  • аспаз
  • кондитер
  • тігін ісі
  • сәндік-қолданбалы өнер

«Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасы бойынша студенттер теорияны ғана емес, практиканы да игерді. Енді олар таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істей алады.

7-11 сынып оқушыларына арналған пилоттық жоба Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде, Менеджмент, бизнес және білім колледжінде бастау алған. Жобаға аутизм, Даун синдромы, Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13-18 жас аралығындағы жасөспірім қатысты.