Семейде әскери бөлімнің мүлкін ломбардқа кепілге қойған офицер сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды

Фото: istockphoto.com

Семейде офицер букмекерлік кеңседегі қарызын өтеу үшін әскери бөлімнің мүлкін ломбардқа кепілге өткізген. Фоицерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралды. Бұл туралы Семей гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың мәліметінше, әскери бөлім офицері өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттің мүлкін жымқырды деп айыпталған.

О. есімді капитан штабтың топографиялық қызметінің бастығы ретінде өзінің қызметтік мансабын асыра пайдаланған. Букмекерлік кеңседе ұтылып қалуы салдарынан жеке қарызы өскен оның әскери бөлімге тиесілі топографиялық құралдарды ломбардқа кепілге өткізгені анықталды. Осылайша мемлекетке 2 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

«Сот әскери қызметкерді кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол капитан әскери атағынан айырылды. Сонымен қатар сотталушыдан материалдық шығын мен мемлекеттік баж өндірілді», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.