Мемлекет 2,6 млрд теңгені білімге емес, далаға шашты – зерттеу

Автор: Azattyq Rýhy

Зерттеу сондай-ақ, аграрларды даярлауға бағытталған тағы 2 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын көрсеткен

Фото: Наше Місто

Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының білім беру бағдарламаларына баға берді. Бұл осындай деңгейде өткен үшінші зерттеу отырысы. Бүгінгі онлайн кездесуде 17 критерий, соның ішінде, оқуын аяқтаған студенттердің шын мәнінде неше пайызы жұмысқа орналасады деген критерий бойынша тәуелсіз бағалау өтті.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары «Мемлекет білім беру бағытына 2,6 млрд теңгені, сонымен қатар, аграрлық бағыт бойынша тағы 2 млрд теңгені тиімсіз жұмсады» деген қорытындысын жария етті. Олардың нақты цифрларға сүйенген дәлелдері бар.

«Өкінішке қарай, білім беру бағдарламалары жұмыс беруші қоятын талаптардың жартысын да қанағаттандырып отырған жоқ. Қазіргі жоғарғы оқу орындарындағы бағдарламалар жұмыс беруші талабының тек 32 пайызын қанағаттандырады. Ал Қазақстандағы 60-тан астам университет болашақ жұмыссыздарды оқытып жатыр. Тіпті, кейбір жоғары оқу орындары сапалы білім беруге талпынбайды да, тек диплом басып шығарып, соның арқасында ақша табады. Яғни, бұл жерде білім емес, қағаз дипломға деген сұраныс үлкен», - делінген зерттеу тобының қорытындысында.

Осы зерттеуге сүйенсек, 2018 жылы мемлекеттік грант арқылы білім алған 2 886 түлектің тек 1000-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан, 1 255 студент 4-5 жыл бойы оқыған мамандығына сай емес жұмыс істеген, ал қалған 22 пайызы, яғни 600-ден астам бала мүлде жұмыссыз қалған. «Яғни, бір мамандық бойынша оқу ақысы жылына 350 мың теңге деп есептесек, білім беру бағыты бойынша 2,6 млрд теңге далаға кетті деген сөз», - деп қорытынды шығарды зерттеу тобы.

Жалпы, Қазақстан бойынша 61 жоғарғы оқу орны түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі бойынша 51 пайыздан аспайтын нәтиже көрсеткен. Осы көрсеткіші ең төмен университеттер арасында SilkWay халықаралық университеті, Сырдария университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университет, Орталық-Азия университеті, «Шымкент» университеті мен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» атты университет бар.