Астанада қала күніне арналған «Mereke Street» фестивалі өтіп жатыр

Аягөз Құрмаш

Фестиваль дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі

Астанада қала күніне арналған «Mereke Street» фестивалі өтіп жатыр
Фото: https://www.istockphoto.com/

Астана күніне орай 6, 7, 8 шілде күндері елорданың Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Mereke Street» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл елорда күнін мерекелеу уақытынан ерте басталды. Себебі еліміз үшін саяси маңызды іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымын өткізу елорда күні қарсаңына келді. Осылайша, 3 шілдеде елорда күні мен ШЫҰ саммитінің құрметіне Астанада салтанатты отшашу болды. Астана әкімдігінің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан Ботаникалық баққа 10 мыңнан астам адам жиналды.

Биыл елорда күнін мерекелеу 3 күнге созылады. Астананың 26 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар ауқымды шара ұйымдастырылып отыр. Оның ішінде отбасылық мейрамға айналған «Mereke Street» фестивалі бар. Орталық саябаққа қала тұрғындары үш күн қатарынан келіп, түрлі іс-шараға куә бола алады.

Іс-шарада сіз тек серуендеп қана қоймай, мерекелік іс-шараны тамашалай аласыз, сонымен қатар қазақстандық дизайнерлердің ұлттық стильдегі киімдері мен әшекейлерінің көрмесін тамашалай аласыз.

Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орны, іс-шаралардың қолжетімділігі және кез-келген жастағы адамға арналған формат – фестивальді тартымды ете түседі.

Медитация әуесқойлары үшін ертеңгілік йога сабақтарынан басталады. Фестиваль алаңында көптеген суретшілер, көше музыканттары, топтар мен әртістер өнер көрсетеді. Іс-шара аясында суретшілер мен би топтары арасында жарыстар ұйымдастырылды. Көше өнерін сүйетіндер үшін суретшілерге арналған жабдықталған орындар ұнайтыны сөзсіз, онда олар өз шеберліктерін көрсетеді. Отандық және жақын шетел дизайнерлерінің сән көрсетілімі де мерекенің көркін қыздырып, көрермендердің көңілінен шығары анық. Саябақта жұртшылыққа ыңғайлы болу үшін гамактар мен пуфтар орнатылған. 

Тұрғындарға ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастырылады.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін әртүрлі қызықты алаңдар жұмыс істейді. Олар: 

  1. Бас сахна
  2. Театр алаңы
  3. Спорт алаңы
  4. Арт-зона
  5. Қолөнер аймағы
  6. «Жұмақ құстары» инсталляциясы
  7. «Жанды бейнелер» аймағы
  8. Аспан асты кинотеатры
  9. «Роботтар шайқасы»
  10. Суретке түсу алаңы
  11. Скейтборд пен белсебет алаңы
  12. Жастықтар шайқасы
  13. Демалыс аймағы
  14. Қазақша үйренейік
  15. Тілектер тақтасы
  16. Шығармашылық алаңы

1832 жылы Есіл өзенінің жағасы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі салынды. Осылайша, 1863 жылы 16 шілдеде Ақмола қаласы аймақтық қала болып ресми түрде бекітілді. 1960 жылдың желтоқсанында Ақмола Қазақстанның барлық тың игеретін облыстарының орталығы болып жарияланды. 

Еске салсақ, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-сы елорда күні ретінде атап өтіледі.

1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде қарқынмен дамыған әлемдегі жас қалаларға беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

Қала 1992 жылдан 1998 жылға дейін Ақмола деп аталды. 2024 жылдың 1 маусымындағы көрсеткішке сәйкес, бас шаһар Астанада 1 464 415 адам.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.