Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты да алаяқ: ол экс-министрдің әйелін алдап кеткен

Azattyq Rýhy

Күйеуін құтқару үшін Ғалия Ысқақова адвокатқа елорданың әр түрлі жерінде 400 мың АҚШ долларын және 27 миллион теңгені берген 

Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты да алаяқ: ол экс-министрдің әйелін алдап кеткен
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Апелляциялық соттың қаулысымен Арыстанбек Мұхамедиұлы және Мұстахим Төлеевке қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды, ал Ғалия Ысқақоваға қатысты үкім өзгертілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, оның зайыбы Ғалия Ысқақова және адвокат Мұстахим Төлеевке қатысты қылмыстық істі қарады.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап, 2023 жылғы маусымға дейін елорданың әр түрлі жерінде Ғалия Ысқақова Мұстахим Төлеевке жалпы сомасы 400 мың АҚШ долларын және 27 миллион теңгені берген, бұл ақшаны адвокат Мұстахим Төлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы, өз қалауымен иемденген. Сот үкіміне сотталушылар мен олардың қорғаушылары шағым түсірді.

«Апелляциялық саты сотталғандардың кінәсі дәлелденді деген сот қорытындыларымен келісті. Алайда, бірінші сатыдағы сотпен Ғалия Ысқақованың әрекеті пара алуда делдалдық жасауы толық аяқталған құрам ретінде дұрыс сараланбаған.

Жекелеген сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қарау тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы №8 нормативтік қаулысының 18-тармағының түсіндірмесі негізінде делдалдың (Ғалия Ысқақова) әрекеті ақша тікелей пара алушының, яғни, лауазымды адамның жеке өзіне берілгенде ғана аяқталған қылмыс болып саналады. Бұл жағдайда пара алушы болмаған, өйткені Мұстахим Төлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ақшаны иемденген, яғни, алаяқтық жасаған», - деп хабарлады Астана қалалық соты.

Осылайша, Ғалия Ысқақова Мұстахим Төлеевке алданып қалған.

«Апелляциялық саты Ғалия Ысқақованың әрекетін аяқталған қылмыстан пара алу бойынша оқталу (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 368-бабының 1-бөлігі) санатына ауыстырды, бірақ бұрын тағайындалған 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өзгеріссіз қалдырды.

Сонымен бірге, 05.07.2023 жылдан бастап Ғалия Ысқақованың үйқамақта ұстау мерзімін ескере отырып, үкім заңды күшіне енгенге дейін бір тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі екі тәулікке қамауға алу есебімен Ғалия Ысқақоваға 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза өтелген деп есептелді», - делінген сот үкімінде.

Еске салайық, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласының тергеу изоляторында жатып, өзінің әйелі Ғалия Ысқақованы делдал ретінде пайдаланып, адвокаты Мұстахим Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға қамаудан босату және «Дипломат» қонақ үйінің меншік құқығын сақтау үшін аса ірі көлемде пара беруге шешім қабылдаған.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы үкімімен үшеуі сотталды:

  • Арыстанбек Мұхамедиұлының бас бостандығын шектеу мерзімі 8 жылдан 11 жылға дейін ұлғайтылды.
  • Оның жұбайы делдалдығы үшін 6 айға бас бостандығынан айырылды.
  • Ал олардың адвокаты Мұстахим Төлеев алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 8 ай алды.
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.