Құрбандар саны артуы мүмкін
Үндістанның Уттар-Прадеш штатында, Хатрас округінде өткен діни фестиваль кезінде кем дегенде 116 адам қаза тапты. Билік құрбандар саны артуы мүмкін деп ескертті, деп хабарлайды Azattyq rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Трагедия Рати Бханпур ауылында болды, адамдар әйгілі уағызшы Бхоле Бабуды тыңдауға жиналған. Мұндай діни кездесулер сатсанг деп аталады.
Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаржылық көмек көрсетуге уәде берді.
Әзірге қайғы-қасіретке не себеп болғаны белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, адамдар іс-шарадан шыққан кезде қатты шаңды дауыл салдарынан дүрбелең туып, адамдар тар жерде бір-бірін таптаған. Хатрас полиция бөлімінің бастығы Ашиш Кумар бұл іс-шараға тым көп адам жиналғандықтан болды деп хабарлады.
Штат үкіметі жариялаған мәлімдемеде:
«Келушілер саны әкімшіліктің рұқсат етілген шегінен асып, қысымға әкелді», - делінген.
Іс-шараға қатысқан Шакунтала Деви есімді әйел:
«Адамдар жол бойындағы арыққа құлады. Олар бірінің үстіне бірі жатып, тұншығып өлді», - деді.
Үндістандағы діни іс-шаралардағы жазатайым оқиғалар жиі кездеседі, өйткені олардың көпшілігінде тар жерге көп адамдар жиналады және қауіпсіздік шаралары іс жүзінде сақталмайды.