ҚМДБ: Жағдайы келмейтін адамға садақа беру міндет емес

Автор: Azattyq Rýhy

ҚМДБ пітір садақаға байланысты мәлімдеме жасады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«ҚМДБ мұсылман жамағатына «салық» салмайды, пітір садақасын беруді міндеттемейді. Мешітке қатысты қайырлы амалдар (жөндеу, тазалау, мешіттің қайырымдылық шараларына үлес қосу, т.б.) мұсылман жамағатының өз еркімен, шынайы ниетімен орындалады. Зекет пен пітір садақаны жағдайы бар мұсылман береді. Жағдайы келмейтін адамға садақа беру – міндет емес. Қарттар, ауруға шалдыққандар, созылмалы дерті бар науқас мұсылмандар ораза ұстауға шамасы келмейтіндіктен підия садақасын береді. Оған да жағдайы келмесе – беру міндет емес», - деп жазылған хабарламада.

ҚМДБ жанындағы қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды, халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді.

«Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі», - дейді ҚМДБ өкілдері.