Президентке сенім артатындардың көпшілігі – жастар
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 11 мамыр мен 22 маусым аралығында халық арасында сауалнама жүргізді. Оған 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалалардан 18 жастан асқан 8000 респондент қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентіне респонденттердің 77,1 пайызы сенім білдіретіні белгілі болды.
Әлемде саяси институттарға деген сенімнің төмендеуі сияқты жалпы үрдіс байқалады. Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы геосаяси өзгерістер, пандемия, инфляция салдарынан өмір сүру құнының өсуі және көптеген елдерді шарпыған экономикалық дағдарыс саяси институттарға деген сенімнің төмендеуінің себептерін түсіндіреді.
Бұл тұрғыда Қазақстан көптеген елдермен салыстырғанда жақсы жағынан ерекшеленеді. Мемлекеттің кезең-кезеңімен саяси жаңғыруы, көппартиялық жүйені дамытуға бағытталған заңдар, жергілікті және аудан әкімдерін сайлау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» формуласын жүзеге асыру – осының барлығы Президенттің Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырудың көрінісі.
Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашық және әділ қоғам құруға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалары, сайып келгенде, Президенттің қоғамдағы жоғары рейтингіне негіз болды.