Кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты мәлімдеме жасап, елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылатынын айтты. Алайда, Президент әзірге жабық болатын мекемелерді атап, білім ошақтары қашықтан оқытуын жалғастыра беретінін мәлімдеді.
«Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн. Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді», - деді Президент.
Президент ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.
«Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық. Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек. Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды. Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәлімдемесінің толық нұсқасын оқу үшін сілтеме арқылы өтіңіз.