Нұр-Сұлтанда жәндіктерді дезинсекциялану жұмыстары басталды
Елордасы Нұр-Сұлтанда жәндіктерді дезинсекциялау жұмыстары 23-ші сәуірден басталды. Осыған орай, қала тұрғындары арасында «Коронавирус инфекциясы маса арқылы жұға ма?» деген сұрақтар туындауда. Себебі Қытайда COVID-19 вирусы жарқанат арқылы тараған болатын.
Жәндіктер әлемін зерттеуші ресейлік Юлия Ловцова масалар көптеген аурулардың таратушысы болатынын атап өтті. Дегенмен, бүгінгі таңда бірде бір ғылыми қоғамдастық қансорғыштардың коронавирус тарату қабілеті мүмкін екенін дәлелдемеді.
«Масалар безгек, сары безгек сынды түрлі ауруларды таратады. Бірақ коронавирустың маса арқылы тарауы мүмкін деген мәліметтер жоқ. Сондай-ақ бұл шыбындарға да қатысты. Теориялық тұрғыдан коронавирус жұқтырған адам қолына түшкіріп, дәл сол сәтте оның қолына шыбын қонып, кейіннен ол шыбын басқа адамға барып қонған күннің өзінде вирустың жұғу ықтималдылығы аз», - деді Ловцова URA.RU-ға берген сұхбатында.
Ресейлік энтомолог Константин Китаев та қытайлықтардың жәндіктерді зерттеп, COVID-19 таратпайтынын анықтағанын айтқан болатын. Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары коронавирустың маса арқылы жұқпайтынын бірнеше апта бұрын мәлімдеді. Соған қарамастан, кейбір адамдар коронавиурс маса арқылы жұғады деген ақпаратқа әлі де сенуде.
«Жаңа коронавирус – ауа-тамшы жолымен, яғни, ауру адам жөтеліп, түшкіргенде бөлінетін тамшы, мұрыннан аққан сұйық пен сілекей арқылы тарайтын респираторлық вирус. Әзірге 2019-nCoV вирусының адамға маса арқылы жұғатыны туралы дерек жоқ. Вирустан қорғану үшін қызуы көтеріліп, жөтелетін адамнан алыс жүріп, қолды таза ұстау және респираторлық гигиена ережелерін сақтау қажет», - делінген ДДСҰ хабарламасында.
КОРОНАВИРУС ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА ЖҰҒАДЫ
Бір айта кететіні, ғалымдар жануарлардың коронавируспен ауруы мүмкін деген қорытындыға келді. Себебі 24-ші сәуір күні Американың Ныю-Йорк штатында үй мысықтарының COVID-19 вирусын жұқтырғандары анықталды.
Атап айтатыны, бұл АҚШ территориясында үй жануарларының коронавирус жұқтыруының алғашқы дерегі. Вирус жұқтырған мысықтар штаттың екі бөлігінде тұрғанымен, екеуіне де инфекция қожайындарынан жұққан. ДДСҰ пандемия кезінде үй жануарларын басқа жануарларға, сондай-ақ, бөтен адамдарға жолатпауға кеңес берді.
6-шы сәуір күні Ныю-Йорктің Бронкс зообағында Надия есімді жолбарыстың коронавирус жұқтырғаны анықталған. Жануарда құрғақ жөтел пайда болғандықтан ветеринарлар қан сараптамасын алып, нәтижесінде оның COVID-19 жұқтырғаны расталды. Болжам бойынша, вирус жануарға зообақ қараушысынан жұққан болуы мүмкін. Құрғақ жөтел мен тәбеттің болмауы зообақтың тағы да бірнеше жануарынан анықталған. Бүгінгі таңда жануарлар толықтай дәрігерлердің бақылауында.
Америкалық белгілі ветеринар Марти Беккер коронавирус инфекциясының иттерге де жұғатынын айтты.
«Коронавирус мысықтарға ғана емес, иттерге де жұғады. Бірақ иттерде көбіне инфекциялық трахеобронхит (ITB) диагнозы анықталғанымен, ауру белгілері дәл коронавирус инфекциясындай. Инфекция мысықтан мысыққа, иттен итке жұққанымен, мысық пен иттен адамға жұқпайды», - деді Марти Беккер.
КОРОНАВИРУС ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТТЕР
Мұрынды тұзды сумен жиі шаю жаңа коронавирустан қорғай ала ма?
Мұрынды тұзды сумен жиі шаю жаңа коронавирустан қорғайтыны туралы ғылыми дерек жоқ. Кейбір мәліметтер бойынша, әдеттегідей суық тиген кезде мұрынды тұзды сумен шаю дерттен тезірек жазылуға көмектеседі. Бірақ мұрынды жиі шаюдың респираторлық инфекциялардан қорғайтынына қатысты дәлел жоқ.
Сарымсақ коронавирустан қорғай ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, сарымсақ – микробқа қарсы күресу қасиеті бар, денсаулыққа пайдалы өнім. Бірақ қазіргі пандемия кезінде сарымсақты жаңа коронавирустың алдын-алу мақсатында қолданудың тиімділігі туралы дерек расталмаған.
Зімбір тамыры коронавирустан қорғай ма?
Жоқ. Зімбір тамыры адам иммунитетін көтеруге 20-30% көмектеседі, оның ағзаны тазалайтын қасиеті бар. Зімбірдің орнына цинк және С дәруменін де ішуге болады.
Денені этанол немесе хлор ұнтағымен сүртсе 2019-nCoV вирусы жойылатыны рас па?
Жоқ. Бүкіл денені спиртпен немесе хлор ұнтағымен сүрту ағзаға түсіп үлгерген вирусты жоя алмайды. Мұндай заттар киімге және шырышты қабықтарға (көз, ауық қуысы) тисе кері әсер етуі мүмкін. Спирт пен хлор ұнтағын заттың беткі қабатын дезинфекциялауға пайдалануға болады. Бірақ оларды қажет болған жағдайда ғана және арнаулы ережелерге сай қолдану керегін ескеру керек. Ең дұрысы – қолды жиі сабындап жуу.
Қол кептіруге арналған электр құралдар 2019-nCoV вирусын жоятыны рас па?
Жоқ. Қол кептіретін электр құралдар 2019-nCoV вирусын жоя алмайды. Жаңа коронавирустың алдын-алу үшін қолды құрамында спирт бар антисептикпен жиірек сүртіп немесе сабындап жуу қажет.
COVID‑19 вирусы әдетте климаты ыстық ылғалды аудандарда ғана тарай ма?
ДДСҰ дерегі бойынша, COVID‑19 вирусы (климаты ыстық ылғалды аудандарды қоса алғанда) кез келген жерде тарауы мүмкін. Климат ерекшелігіне қарамастан барлық жерде қорғаныс шарасын сақтау керек.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан